Елімізде еңбек қауіпсіздігі қай деңгейде?

Жыл басынан бері Мемлекеттік еңбек инспекциясына 16 мыңнан астам азаматтан арыз-шағым түскен.

Жауаптылар өтініштерді жіті қарап, 1,5 мыңнан аса мекемеге тексеру, тағы 92-сіне профилактикалық бақылау жүргізген. Жұмысшылар өндірістік қауіпсіздік, жалақы және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне көңілі толмайды. Қазірдің өзінде өндірістік орындарда жарақат алып, тиісті өтемақысын ала алмай жүргендер бар. 

32 жастағы Әділ Көбегенов жұмыс орнында жарақат алып, қазір балдақсыз қозғала алмайды. Қостанайлық азамат ел қатарлы еңбекке араласудан қалғанына қынжылады. Тіпті туыстарының көмегіне мұқтаж болғандықтан, қаладан шағын кентке көшуге мәжбүр болыпты.

Әділ Көбегенов, зардап шегуші:

- Кіші жіліншік сүйегі мен сирақтың сынуы, терінің жыртылып ажырауы және бұлшық еттің сүйектен бөлінуі ресми тіркелді. Тұрмыстық жағдайда өздігімнен көшеге шыға алмаймын. Үйдің ішінде ғана қозғала аламын. Балдақпен жүргендіктен бір шыны су құйып ішудің өзі бір мұң.

Оқиға былтыр 12 тамызда Қостанайдағы кәсіпорындардың бірінде болған. Жүк тиегіштің жүргізушісі артқа қарай беттегенде Әділдің аяғын басып кетеді. Салдарынан ер азаматқа операция жасалды. Алайда компания тарапы көмекті созбаққа салып, ақырында 3 миллион теңге өтемақы ұсынған. Бірақ ауыр жарақат үшін бұл сома мардымсыз, -дейді адвокат.

Ләззат Исмаилова, адвокат:

- Біз бұл сот дауларының алдын алуға тырысамыз. Өз ұсыныстарымызды енгізіп, келіспеушілікті бейбіт жолмен реттеу үшін сотқа дейінгі ресми талап жолдаймыз. Егер зауыт біздің шарттарды қабылдамаса немесе бізге оңтайлы болатын ұсыныстар жасамаса, онда әрі қарай дауды сотқа дейінгі тәртіпте шешуді жалғастырамыз.

Бұл бір ғана азаматтың басындағы жағдай емес. Жыл сайын елдегі кәсіпорындарда 1400-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі. Оның шамамен 200-і өліммен аяқталады. Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешені мен құрылыс саласында тіркелген. Жұмыста өндірістік жарақаттан өзге біқатар құқық бұзушылық болуы мүмкін. Оның ішінде мамандарға қысым жасау мен олардың еңбекақысын негізсіз ұстап қалу жағдайлары бар. Мәселен, Мемлекеттік еңбек инспекциясы жыл басынан бері 16 мыңнан астам азаматтың өтінішін қараған. 1723 жоспардан тыс тексеру мен 92 профилактикалық бақылау жүргізген. Нәтижесінде 2 мыңнан астам заңсыздық анықталып, мыңнан көп нұсқама беріліпті. Ал салынған әкімшілік айыппұл көлемі 136 миллион теңгеге шақтайды.

16  726 азаматтың өтініші қаралды

1723 жоспардан тыс тексеру

92 профилактикалық бақылау 

2065 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды

1110 нұсқама берілді

₸136 млн әкімшілік айыппұл салынды

Мейрамбек Ахметов, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы:

- Биыл жалақы бойынша ағымдағы және мерзімі өткен берешек 36 пайызға азайды. Яғни оның көлемі 876 миллионнан 554 миллион теңгеге дейін төмендеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды.

Елде өндірістік дау-дамайларының алдын алатын шаралар да күшейіп келеді. Бүгінде еңбек тәуекелдері картасына шамамен 98 мың кәсіпорын енгізілген. Бұл жауапты комитеттің кез келген жағдайда жедел әрекет етуіне мүмкіндік беріп отыр. 

Альмира Оразбай