Әлемде жыл сайын 2 млн адам жұмыс орнында мерт болады

Әлемде жыл сайын 2 миллионнан астам адам жұмыс орнында алған жарақатынан көз жұмады.

Бұл Халықаралық еңбек ұйымының дерегі. Бір ғана АҚШ-тың өзінде биыл 5 мыңға жуық қызметкер үйлеріне оралмауы мүмкін. Осы орайда елдегі ең қауіпті әрі тәуекелдері жоғары кәсіп түрлері анықталды. Жұмыс орнында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Халықаралық еңбек ұйымы бұған дейін цифрландыру, климаттың өзгеруі, қауіпсіздік мәдениті сынды мәселелерге басымдық берсе, биыл дұрыс психоәлеуметтік орта қалыптастыруға назар аудармақ. 

Әлемде жыл сайын 2 млн адам жұмыс орнында мерт болады

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, биыл АҚШ-та 2,6 миллион жұмысшы өндірістік жарақат алып, ауруға ұшырауы мүмкін. Олардың 5 мыңнан астамы опат болуы ықтимал. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Елдегі ең жоғары тәуекел аймағындағы мамандықтар анықталды. Ағаш кесумен айналысатын қызметкерлер көш басында. Олардың үстіне ағаш құлап кету қаупі басым. Осының кесірінен 2026 жылы 50--60 адам қаза болуы мүмкін. Одан кейін аңшы, балықшы, пилоттар мен бортинженерлер тұр. Тізімде сондай-ақ құрылысшылар, жүк көлігінің жүргізушілері, ауыл шаруашылығы және ауыр өнеркәсіп саласының мамандары да бар. 

Биыл Халықаралық еңбек ұйымы жұмыс орнында дұрыс психоәлеуметтік орта қалыптастыру мәселесіне басымдық беріп отыр. Сарапшылар жұмыс жүктемесі, қызметкерлермен тиімді қарым--қатынас орнату, қолдау шаралары маңызды екенін әрі психикалық денсаулыққа елеулі әсер ететінін алға тартады. Ұлыбританиядағы кейінгі деректер осының айқын көрінісі. Тұманды Альбион елінде 1 млн-ға жуық адам жұмысқа байланысты күйзеліс пен мазасыздыққа ұшырайды. Мұндай жағдайлар, әсіресе пандемиядан кейін арта түсті және еркектерге қарағанда әйелдерде басымырақ. Денсаулығындағы ақаулар мен жарақат салдарынан жергілікті халық жыл сайын шамамен 23 миллиард фунт стерлинг көлемінде қаржыдан айырылады. 

Ал Жапонияда жұмыс орнындағы қауіпсіздік технология және темірдей тәртіп арқылы үйлестіріледі. Мұнда еңбекті қорғау ережелері тек нұсқаулық емес, ұлттық мәдениеттің бір бөлігі саналады. Жапония зорығудан көз жұму, яғни жергілікті тілмен айтқанда "кароши" ұғымын заңды түрде бекіткен жалғыз мемлекет. Онымен күресу үшін компаниялар шамадан тыс жұмыс істеуді  шектейді. Тіпті қызметкерлер кешкі жетіден кейін кеңселерде шамдарды өшіруге міндетті. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні жұмыс берушілерге тәуекелдерді алдын ала бағалап, тиісті шаралар қабылдауға және қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі тұрақты жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Мөлдір Жақан