Алматы метросына платформалық қорғаныс есіктер орнатылады
Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша құн салығын есептемегенде 8 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Қазіргі уақытта метрополитен конкурс құжатына түзетулер енгізіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталындағы конкурс аяқталғаннан кейін мердігер анықталады. Есіктер жолаушыларды отырғызу және түсіру барысында ғана іске қосылады. Бұл қауіпсіздікті күшейту үшін қажет, дейді мамандар. Мұндай шешім 2024 жылы болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданды. Сол кезде «Абай» станциясында зағип адам рельске құлап қаза тапқан еді. Жобаның қашан басталатыны нақтыланған жоқ.
Арсен Жангелдин, "Метрополитен" КМК директорының міндетін атқарушы:
- Бастапқы жоспар бойынша 2026 жылы «Абай» станциясында платформалық есіктерді сынақ ретінде орнату жоспарланған. Ал қалғандары 2027 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда техникалық мамандармен кеңескеннен кейін платформалық есіктерді барлық станцияларда бірден орнату туралы шешім қабылданды. Себебі пойыздардың дәл тоқтауын қамтамасыз ету үшін электрлік жылжымалы құрам жүйесіне қосу қажет.