Алматылықтардың көлік салығына қарызы көп
Алматыда 85 мыңнан аса адам көлік салығын төлемей жүр. Берешек 7 млрд теңгеден асты. Бұл былтырғыға қарағанда 11 пайыз көп.
Салығын төлемегендердің көбі – қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрден жоғары көлік мінетіндер. Қазір қалада «Борышкер» жедел-профилактикалық рейді жүріп жатыр. Оған «Сергек» бақылау жүйесі де қосылған. Полиция, мемлекеттік кірістер департаменті мен сот орындаушылар екі апта ішінде 125 көлік иесінен 12 млн теңге қарыз өндірді. 19 көлік айып тұрағына жөнелтілді. Бұдан бөлек, сәуірден бастап салық сомасына күніне 0,25 пайыз айыппұл қосылып жатыр. Ал егер құжат сот орындаушыларының қолына өтсе, шығын тағы артады. Айта кетейік, бүгінде мегаполисте 800 мың көлік тіркелген.
Қанағат Күлембаев, Алматы қаласы бойынша МКД басқарма басшысы:
- Берешектерін өтемеген жағдайда біріншіден, оларға хабарлама жіберіледі. Ол хабарлама 30 жұмыс күні күтіледі. Содан кейін барып салық бұйрығы шығарылады. Салық бұйрығын өтеуге тағы 5 күн уақыт беріледі, одан кейін барып сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі.