Павлодар әуежайы жаңартылады
Павлодар әуежайын жаңғырту жұмыстарын шілде айында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қазір жұмыстың 51 пайызы орындалды. Былтыр қаржы жетіспеуіне байланысты құрылыс жұмыстары кейінге шегерілген еді. Жоба аясында перрон 45 метрден 60 метрге дейін ұлғайтылады. Бұл ұшақтардың ұшу қауіпсіздігін арттырады дейді мамандар. Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарды сатып алуға жалпы құны 16,4 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда қаржы толық бөлініп, оның жартысы игерілді. Әуе айлағының ұшу-қону алаңы толық жаңартылып, заманауи құрылғылар мен жүйелер енгізіледі. Ал әуежайды пайдалануға беру 2026 жылдың тамыз айына белгіленді. Ашылған уақытта Павлодар-Астана, Павлодар-Алматы бағыттары бойынша әуе рейстерін қайта жандандыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Шымкент қаласына және елдің батыс аймақтарына жаңа бағыттар ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
-Аяқталу мерзімі шілде айында көзделген. Шілде айының 10-15 арасында. Содан кейін бұл жерде арнайы комиссия құрылып, себебі бұл ұшу-қону жолағы қауіпті санаттағы нысандарға жатады. Сол себептен арнайы республикалық комиссия жұмыс істейді. Сол комиссияның қабылдау жұмыстары 20 күннен 30 күннің арасында атқарылады.
Александр Андрейчук, мердігер компания өкілі:
- Қазіргі таңда жұмыс аяқталу кезеңіне өтті. Бүгінде ұшу-қону жолағы мен перронға асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сай, ешқандай кідіріссіз жүзеге асырылып жатыр.