Шымкентте шомылу маусымы ерте басталды

Шымкентте күннің көзі ерте жылып, шомылу маусымы да әдеттегіден ерте басталды. Қазір өзен-көлді жағалағандар көп. 

Сая іздегендер қала іргесіндегі су қоймасына ағылып жатыр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар қызметі рейдттік іс-шараларды күшейтті. 

Оңтүстікте күн күрт ысыды. Термометр бағаны 30 градусқа дейін көтеріліп, аптаптың ерте келгенін аңғартты. Сая іздеген тұрғындар Қошқара ата өзеніне ағылды. 

Шомылу маусымы ресми түрде ашылмаса да, жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Өзен жағасында демалушылардың көбеюіне байланысты, қауіпсіздік ережелері ескертілді. Ал Бадам су қоймасында құтқарушылар шомылуға рұқсат етілген аймақтарды белгілеп, су табанын балдыр мен бөгде заттардан тазартты. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Беті тынық көрінген бұл айдынның терең тұсын болжау қиын. Сондықтан сүңгуірлер су түбіне барлау жасап, басты қауіптің жоқтығына көз жеткізді. Алайда демалушыларға белгіленген аумақтан аспай, абай болу ескертіледі.

Қала аумағында шомылуға рұқсат етілген  үш су айдыны бар. Ал өзге орындар талапқа сай емес, адам өміріне қауіпті деп танылған. Сондықтан сала мамандары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін тыйым салынған жерлерге ескерту тақтайшаларын орнатты. 

Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Биылғы жылы 13-ке жуық тыйым салынған орындар бар. Олардың санын 30-ға дейін ұлғайту жүргізіліп жатыр. Егерде осы рұқсат етілмеген орындарда шомылып жатқандығы жөнінде фактілер анықталған жағдайда, сол орынға міндетті түрде Полиция департаментінен және біздің департамент қызметкерлері келіп, тиісті шара қолданатын болады. 

Былтыр шомылу маусымында екі адам суға кеткен еді. Қайғылы оқиғалар шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркелді. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін, биыл қауіпті учаскелерге бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қаралып жатыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов