Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
2026 жылғы 1 сәуірден бастап Астана қаласында ауыр жүк тасымалдайтын самосвалдардың қозғалысына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды «24KZ».
Рейдтік іс-шараларды Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, Полиция департаменті және қала әкімдігі бірлесіп жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – инертті материалдар тасымалдайтын көліктердің рұқсат етілген салмақтық және габариттік талаптарды сақтауын қадағалау.
Бақылау шаралары қалаға кіреберіс негізгі жолдарда және құрылыс жүктері жиі тасымалданатын көшелерде ұйымдастырылған.
Күшейтілген тексеріс аясында 6 жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар еліміздің 17 өңірінен инспекция қызметкерлері тартылған.
Рейд басталғалы бері 622-ге жуық көлік тексеріліп, 347 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде артық жүктеу фактілері де бар. Жалпы сомасы 92 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жол инфрақұрылымын сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және автожолдардың мерзімінен бұрын тозуын болдырмау үшін қолға алынған.
Көлік министрлігі жүргізушілер мен тасымалдаушыларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, көлік құралдарына артық жүк артпауға және жол желісін пайдалануға жауапкершілікпен қарауға шақырады.