Мұғалімдердің жүктемесі жеңілдетіледі
Мұғалімдердің жүктемесі жеңілдетіледі. Енді баланың мектептен кейінгі жүріс-тұрысы, демалыс кезіндегі уақыты әке-шешенің жауапкершілігінде.
Сондай-ақ білім мекемелерінде оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Бүгін Мәжіліс қабырғасында педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды.
Ұстаздар қауымын қуантқан заң жобасын бұрыңғы бас мұғалім, қазіргі мәжілісмен Асхат Аймағамбетов таныстырды. Саланың қыр-сырына әбден қанық депутат баяндамасын педагогтердің құқығын қорғаудан бастады. Құжаттағы басты жаңашылдық осы. Халық қалаулысының сөзінше, бұған дейін ұстаздар мен мектеп директорлары шікірттердің сабақтан тыс уақыттағы әрекеті үшін жауапқа тартылып келген. Енді заңға нақты норма енгізу ұсынылып отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді ешқандай екіұдайы түсінік болмауы тиіс. Біз педагогтерді осылай қорғаймыз. Заң 3 блоктан тұрады. Педагогтердің құқықтарын қорғау. Бірінші жауапкершілік мәселесі. Президент тамыз кеңесінде ұстаздар оқушылардың қауіпсіздігі үшін тек оқу - тәрбие жұмысы кезінде және лауазымдық міндеттерін орындау аясында ғана жауапты болуы керек екенін атап өтіп, осыны заңнамалық тұрғыда реттеуді тапсырған болатын.
Ендігі жерде жауапкершілік тікелей ата-анада. Баланың демалыс күндегі әрекеті, сабақтан кейін уақытын әке-шешесі қадағалауы тиіс. Ұсынылып отырған құжатқа сәйкес, ұстаз шәкірттің өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде ғана жауап береді. Тағы бір жаңалық білім мекемелерінде оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Депутаттар барлық оқу орындары үшін ортақ ереже енгізуді ұсынып отыр. Соңғы шешімді салаға жауапты министрлік шығарады.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сіздер мына заң жобасында министрлікке құзірет беруді қолдап отырсыздар. Мен өз тарапымнан ұсыныс бергем. Бұл жерде толығымен мектеп кезінде телефонды пайдалануға толығымен шектеу қою керек. Енді мұғалімдердің өзін тыңдасақ, олар да шағымданып жатыр. Біз балаларға сөйлеуден қалдық деп отыр. Себебі қорқады. Телефоннан аудиожазба жүріп жатыр ма?
Сабақ кезінде смартфон қолдану мәселесі Қазақстанда ғана емес, қазір бүкіл әлемде талқыланып жатқан көрінеді. Оқу-ағарту министрлігінің өкілі осылай деп ағынан жарылды. Ұстаздар қауымын алаңдатқан түйткілді бүгінгі таңда мектептер өздері реттеп отырғандығын жеткізді.
Жайық Шарабасов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Қазіргі таңда жиі көтеріліп жүрген мәселе депутаттар мен кейбір сарапшылар тарапынан мектептерде телефондарды толық тыйым салу қажет деген пікірлер айтылып жүр. Сонымен қатар, басқа елдердің тәжірибесі бар: кейбірінде қолдануға рұқсат етіледі, кейбірінде жоқ. Біздің бүгінгі міндетіміз – балаларды заманауи цифрлық болашаққа дайындау. Гаджеттерді толық тыйым салу оқу процесіне кері әсер етуі мүмкін. Өйткені көптеген мұғалімдер сабақ барысында телефондарды тек оқу мақсатында қолданады.
Мұғалімдер енді артық есеп беру жүктемесінен босатылады. Заңнамалық деңгейде норма енгізілмек. Есептілікті бір мезгілде екі форматта тапсыруға жол берілмейді. Егер құжат электронды түрде тапсырылса, қағаз нұсқасы талап етілмейді. Мұнымен қоса, оқушыларды ғылыми жобаларға тарту жұмыстары жергілікті атқарушы органдар арқылы күшейтілетін болады.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров