Блогерлердің табысы тексеріліп жатыр
Мемлекеттік кірістер комитеті отандық блогерлердің табыс табу тәсілін жаппай тексеріп жатыр. Инфлюенсерлердің салық органдарына қарызы - 72 млрд теңгеге жеткен.
Алайда іс жүзінде бұл сома азайтылып көрсетілген - дейді комитет өкілдері. Сарапшылардың айтуынша, олар үшін салық төлеудің ашық әрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Бірақ бұл ережелерді елеп жатқан блогер аз.
Әлеуметтік желідегі жарнама, миллиондаған қаралым және ірі келісімшарттар. Блог жүргізу әлдеқашан хобби шеңберінен шығып, толыққанды бизнеске айналды. Алайда табысын мемлекетпен адал бөлісуге бәрі бірдей дайын емес. 850-ден астам блогерге бір жарым мыңнан астам ескерту хабарламасы жіберілді.
Дина Құсайынова, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
- Қазір олар мемлекеттік бюджетке 505 млн тг төледі. Тағы 560 млн тг төленуі тиіс деп күтіп отырмыз. Хабарлама жіберілгендердің ішінде жағдайды түсінгендер бірден өз еркімен салық есебін тапсырды. Ал түсінбегендер бойынша қосымша тексерулер тағайындалды.
Егер блогер тікелей жарнамалық келісімшарт арқылы табыс тапса, бұл кәсіпкерлік қызмет саналады. Тиісінше салық салынады. Яғни жарнама беруші Қазақстанда орналасса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.
Айдар Масатбаев, салық сарапшысы:
- Шетелде жүріп пайда тауып жүрген донат алушылар да салықтан қашып құтыла алмайды. Мәселен, YouTube немесе басқа да әлеуметтік желілер контентіңізді қарағаны үшін төлем жасаса, бұл да бенефициарлық табыс саналады. Өйткені платформаларға тіркелген кезде арнайы офертаға қол қойылады. Онда барлық шарт пен сыйақы мөлшерлемесі көрсетіледі. Аймаққа байланысты қаралымдар түрлі мөлшерде монетизацияланады. Сондықтан осы тұрғыда блогерлерге тек көрерменнің ғана емес, салық органдарының да назар аударуына толық негіз бар.
Блогерлер үшін салық төлеудің түсінікті әрі қолжетімді тетіктері бар. Негізгі мәселе, ақпараттың аздығынан, есептегі қателіктерден және әлбетте көп жағдайда табысты әдейі жасырудан туындайды. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті салық төленбеген жағдайда өсімпұл есептелетінін ескертеді. Егер қарыз көлемі ұлғайса, материалдар жеке сот орындаушыларына жолданады. Олар өз кезегінде елден шығуға тыйым салу сияқты қатаң шараларды қолдануы мүмкін.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әлішер Әшімов, Жанаман Ерғалиев