ТҮКШ саласын жаңғырту жүзеге асып жатыр
Энергетика және коммуналдық саланы жаңғырту ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыстар атқарылады. Биыл өңірде 10 жоба қолға алынады.
Оралдың орталығындағы №7 жылу магистралі 10 мың тұрғын мен 24 әлеуметтік нысанға жылу жеткізеді. 35 жыл жөнделмеген құбырдың тозығы жетіп, кейінгі жылдары жылумен қамтуда жиі іркіліс болған. Енді ұлттық жоба аясында 1,8 шақырым құбыр ауыстырылмақ.
Бақытжан Әкімғожин, «Жайық жылу қуат» АҚ бас директоры:
- 70%-ның тозығы жеткен. Енді бұған дейін өзіміздің күшімізбен әрбір жерден шыққан ақауларды жөндеп тұрдық. Енді қазіргі таңда осы бағдарламаны пайдаланып, магистральды толығымен реконструкция жүргізіп жатырмыз. Енді жобаның жалпы құны 2,5 млрд. Толығымен пенополиуретан деген алдын ала оқшауланған құбыр болады және де бұл құбырдың мерзімі елу жылдан асады қызмет етеді.
Былтырдан бастап өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 10 жоба жүзеге асып келеді. Оның ішінде 1113 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы станцияны қайта жаңарту көзделген. Жалпы өңір бойынша инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобалары аясында биыл ұзындығы 530 шақырымға жуықтайтын электр, жылу және су құбыры желісін қайта жаңарту көзделген.
Мирас Мүлкәй, облыс әкімінің орынбасары:
- Жылу желілері қазіргі уақытта тозығы жетуі бүгінгі таңда 49% құрайды. Былтырғы жылы сәйкесінше 54% құрады. Біз осы бір жылдың ішінде осыны 5% түсіріп, қазіргі уақытта сары аймаққа жылу желілері бойынша кірдік. Тозу деңгейіміз қазіргі уақытта сумен және кәрізбен бізде облыс орталығында 60% құрайды. Осы ұлттық жоба жүзеге асыру 50%-ға дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Жалпы алғанда 51 млрд-қа жуық келісімді алып отырмыз. Ол деген кезең-кезеңмен жүзеге асыратын болады.
Ұлттық жоба аясындағы кең ауқымды жұмыстар тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл ретте Орал өңірі алғашқылардың бірі болып өз жобаларын ұсынды.
Мирас Зеріпбаев, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі:
- Жалпы бағамыз оң. Неге десеңіз, Батыс Қазақстан облысы осы жобалармен, нысандармен ұлттық жоба аясында бірінші болып өзінің ниеттерін білдіріп енген болатын. Бұндай ұлттық ауқымды жоба ешқашан Қазақстанда болған емес. Бірінші жоба. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша шамамен 500-ден астам жоба 1,4 трлн теңгеге өтінімдер берілді. 224 жоба 512 млрд теңгеге қазіргі таңда сатып алу үстінде, әртүрлі сатыларында болып тұр. Яғни олар сатып алу, яғни мердігерді айқындағаннан кейін өздерінің жаңағы іс-шараларын бастайтын болады.
Энергетикалық және коммуналдық саланы жаңғыртудың Ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 27 жобаны іске асыру жоспарланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов