Қазақстан Кореяға мұнай жеткізді
Оңтүстік Кореяға Ормуз бұғазы жабылғаннан бері алғаш рет қазақстандық мұнай тиелген танкер барды.
Шикізат шамамен бір миллион көлікке жанармай құюға жетеді. Сеул Қазақстаннан көмірсутек сатып алуды арттыруға ниетті.
Владислав Цой, тілші:
- Ормуз бұғазы жабылғаннан бері Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы республикаға 8 сәуірде жеткізілді. Бұл Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сиктің Астанаға сапарынан кейін көп ұзамай жүзеге асты. Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Сеул шикізат пен нафтаның өткір тапшылығын сезініп отыр. Мәселені шешу үшін Кан мырза Оман, Сауд Арабиясы және Қазақстанда болды. Айта кетерлігі, балама ретінде Алжир елі де қарастырылған еді.
Корея Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстаннан шамамен 1 миллион баррель мұнай импорттады. Танкер Новороссийск портынан шығып, Оңтүстік Чолла провинциясындағы Йосу қаласындағы мұнай терминалына келіп тоқтады. Сарапшылардың айтуынша, отандық шикізаттың құрамы Таяу Шығыс мұнайынан өзгеше болғандықтан оны өңдеуде белгілі бір ерекшеліктер бар. Дегенмен Таяу Шығыстағы қақтығысқа дейін де қазақстандық қара алтын жергілікті зауыттарда сәтті өңделіп келген. Корея ұлттық мұнай корпорациясының мәліметінше, былтыр елімізден 5 миллион 547 мың баррель мұнай жеткізілген. Бұл елдің жалпы импортының бір жарым пайызы ғана, бірақ биыл бұл көрсеткіш еселеп артады.
Дулат Бақышев, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы бұрыңғы елшісі:
- Ормуз бұғатталып қалды, сосын Қызыл теңіз жағы бұғатталып қалса не істейді? Онда Қазақстанның маңызы одан да бірнеше есе, он есе өсетін болады. Сондықтан Оңтүстік Корея үшін, Сеул үшін Қазақстан қазір өте маңызды елге айналып отыр.
Қазақстаннан мұнай тасымалдау мерзімі 50-ден 60 күнге дейін созылады. Бір қарағанда ұзақ көрінгенімен, АҚШ-тан жеткізу уақыты да шамамен осындай. Қазіргі жағдайда кореялық өндірушілерді қазақстандық көмірсутек импортының құны да қанағаттандырып отыр. Олардың орташа бағасы барреліне 71,68 долларды құрайды. Бұл Сауд Арабиясы, Бірікен Араб Әмірліктері, тіпті АҚШ-тан келетін мұнайдан әлдеқайда арзан. Мысалы, әмірлік мұнайының бір баррелі 75,11 доллар болса, америкалық шикізаттың құны 73,64 доллар. Бұған қоса, Каспий Құбыр Консорциумы арқылы Новороссийск портынан тасымалдау Ормуз бұғазына қарағанда қауіпсіз. Дегенмен сарапшылар: «Таяу Шығыс мұнайын толығымен қазақстандық шикізатпен алмастыру туралы сөз болып отырған жоқ», - дейді.
Дулат Бақышев, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы бұрыңғы елшісі:
- Біз Таяу Шығыс мұнайынан тәуелділігін толықтай біздер жоя алмаймыз. Таяу Шығыс мұнайы өте көп және Кореяға өте керек. Алайда біздің мұнайды әкеліп, оны мұнайды өңдеудің түрлі-түрлі технологиясы бар, оны араластыруға болады тағысын тағы. Енді былтыр 1,5 десек, қазір 2,5-тің өзі қажетті мұнайдың 1 пайызының шамасы.
Владислав Цой, тілші:
- Ормуз бұғазындағы блокада Сеулді шикізат көздерін әртараптандыруға және Қазақстан сияқты тұрақты серіктестерге назар аударуға мәжбүр етті. Корея үкіметі сәуір-мамыр айларында 17 мемлекеттен 110 миллион баррель мұнай тасымалдаған.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян