Қазақстан мен Ресейдің логистикалық қатынасы қарқын алып келеді
Былтыр темір жол арқылы тасымалданатын тауар көлемі 3,5 пайызға артты. Контейнерлік тасымал 5 жылда 8 есеге көбейді.
Сол секілді әуе, авто арқылы жүк жеткізу ісі де ілгерлеп келеді.
Ресей – Қазақстанның әлеуметтік экономикалық негізгі серіктестерінің бірі әрі бірегейі екені белгілі. Қос ел құрлықтағы ең ұзын шекарада шектесіп жатыр. Тарихимыз, мәдениетіміз өзара біте қайнасып, арада арба да, дорба да домалап келеді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол тасымалы 3,5 пайызға артты. Әңгіме жүк жеткізу жайлы. Айталық, былтыр арада 92 млн тонна тауар тасымалданды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3 млн тоннаға көп. Оның ішінде 52,8 млн-ы Қазақстан тарапына тиесілі. Ал импорттың үлесі – 13,5 млн тонна. Сондай-ақ 25,6 млн тонна транзиттік тасымал жасалды. Бұдан бөлек, жолушы жеткізуде де жағымды жаңалық жетерлік. Қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жолаушылар вагоны жаңартылды.
Ләззат Стамғазиева, ҚТЖ ҰК ресми өкілі:
- Астана мен Омбы арасындағы халықаралық бағыт. Еліміздің елордасы Астана қаласында орналасқан Нұрлы-Жол вокзалынан аптасына 3 рет қатынап тұрады. Жалпы сыйымдылығы 300 адамға есептелінген 8 купелік, плацкарттық вагондарды жаңартқан жағдайымыз бар. Ол жерде қазір 45-ші үлгідегі жаңа вагондар қатынайды.
Ал былтыр Ақтаудағы Құрық порты арқылы арада 1,9 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл – 2024 салыстырғанда 26 пайызға жоғары. Айталық, қос елдің арасында қиыршық тас, тұз, цемент секілді тауарлар жиі тасымалданады. Көрсеткіш көріп тұғандарыңыздай. Сол секілді өзге де жүк түрлері жеткізіледі. Оларды үлесі 1 тоннаның шамасында. Сондай-ақ автомобиль арқылы жеткізілетін жүк көлемі де артып, былтыр 8,7 млн тонна тауар тасымалданды.
Сәтжан Өзбеков, ҚР КМ Көлік саясаты департаментінің директоры:
- РФ – біздің көлік саласындағы бірден-бір серіктес ел болып табылады. Шекарамыз дүниежүзіндегі ең ұзын шекара болып есептеледі. Сондықтан біздің барлық көлік дәліздеріміз РФ көлік дәліздерін толықтырып отыр. Автокөлік пропусктарын да дамыту бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Ол бойынша Ресейдің көлік министрлігімен тиісті жол картасына қол қойылған. Қазіргі таңда соның аясында қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Енді әуе байланысы жайлы айтайық. Қос елдің арасында аптасына 20 бағыт бойынша 117 рейс қатынайды. Оның 38-ін қазақстандық компаниялар орындайды. Қалған 79-ы көршімізге тиесілі.
Евгения Махмутова, Ресей үкіметі жанындағы қаржы университеті саясаттану кафедрасының доценті:
- Қазіргі саяси және экономикалық инфрақұрылым елдер арасындағы тығыз ынтымақтастыққа деген сұраныстың маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, логистикалық байланысты нығайту үшін Ресей тарапынан жолдар кеңейтіліп отыр. Қазіргі таңда Орталық Азия, әсіресе Қазақстан, еуразиялық көлік-логистикалық хаб мәртебесіне үміткер болып тұр. Себебі оның географиялық орналасуы негізгі сауда және көлік бағыттарының дәл осы Қазақстан арқылы өтуіне мүмкіндік береді.
Логистика жайлы айтқанда тауар айналымын айналып өтуге болмайды. Айтайық, былыр арадағы алыс-бері 27,4 млрд долларға жетті. Дегенмен көрсеткіш кеміген. 2024 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға төмен. Сөйте тұра, биыл алыс-беріс те, барыс-келіс те белең алады деген болжам бар. Статистика солай дейді. Себебі биылғы екі айдың өзінде қос елдің тауар айналымы 4 млрд ақш ақшасынан асқан. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,7 пайызға көп. Ортақ жобаларды ескерсек, көрсеткіш көбеймесе, кемімесі белгілі. Тараптар бірігіп іс қылуға бейіл.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізде өте жақсы, өте қызықты жобалар қолға алынып жатыр. Мысалы, Қостанайдағы «Камлит» зауытын айтуға болады. Бұл – химия мен ауыл шаруашылығында ең заманауи технологиялар бойынша жұмыс істейтін бірегей өндірісі орны. Сондай-ақ еліміздің оңтүстігінде Қазақстан мен Ресейдің бірлесуімен әлемдегі ең ірі жылыжай іске қосылғалы жатыр. Сондықтан бұл ынтымақтастықты тек құптауға болады және бар қиындықтарға қарамастан, біз оны қолдай береміз.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын