Қызылорда облысында «Арал орманы» резерваты құрылады
Қызылорда облысында аумағы миллион гектардан асатын «Арал орманы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылады. Бұл елдегі қорғауға алынған ең ірі қорық болмақ.
Ауқымды эко-жобаның басты мақсаты – сексеуіл ормандарын сақтап қалу. Сыр өңіріндегі орман қорының 83 пайызында сексеуіл өседі. Өсімдік теңіздің құрғаған табанынан ұшатын тұзды шаң мен құм көшкініне тосқауыл болатын табиғи қалқан саналады. Одан бөлек, ғалымдар жергілікті қатал климатқа бейімделген флора мен фаунаны жүйелі түрде зерттеуге мүмкіндік алады.
Ғалымжан Еркебай, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Әр, мысалы, шыққан сексеуіл кемінде екі жарым, үш тоннаға дейін топырақ ұстау мүмкіндігі бар. Жаңа топырақтың көшуін, тұздануды азайтуға, сосын айтып өткендей, флора мен фаунаның көптеп өзгеруіне ықпал жасайды. Енді кеше біз соңғы рет барғанымызда, 2021-22 жылы еккен сексеуілдің арасында сол аумаққа жіберілген құландардың ізі және қояндардың іздері көптеп кездесіп жатыр.