Арқалықта 300-ден астам студент көл жағалауын тазартты
Шағын шаһарда әр бейсенбі сайын жаппай сенбілікке шығу қалыпты үрдіске айналған.
Бірі жолды сыпырып, жиектерін ақтаса, енді бірі аула, саябақтың шөп-шаламын жинайды. Осылайша, Арқалықта «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар жүйелі жолға қойылған.
Арқалық жылдан-жылға көркейіп келеді. Жаңа кейіпке енген ғимараттар, жарық шашқан шамдар, күтімі келіскен саябақтар көз қуантады. Соңғы екі жылда қаланың құтын қашырып, қаңырап бос тұрған төрт көпқабатты үй қалпына келтіріліп, 158 пәтер пайдалануға берілді.
Қасым Сәдуақасов, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Соңғы екі-үш жылдай болды қалада өзгеріс өте үлкен. Жақсарып келе жатыр. Қалада тазарып, сосын мынау бұрыңғы бұзылған үйлер орнына келіп, көркейіп жатыр.
Қалада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл ауқымды жұмыс атқарылды. 100 тоннадан астам қоқыс шығарыды. Әсіресе бұл игі істе жастар белсенді. Біз барған күні көл жағасын тазартуға жергілікті оқу орындарынан 300-ден астам студент шықты.
Жасұлан Ақылбек, студент:
- Қоршаған ортаны таза ұстау өте дұрыс нәрсе менің ойымша. Әркім үлес қосу керек. Барлық жер тап-таза болса, адамның көңілі көтеріледі, жан дүниесі тазарады.
Қаланы абаттандыруға зор үлес қосқан жастарды марапаттау жағы да қаралған. Көктем, күзде нәтижесі шығарылып, үздіктерге арнайы сыйлықтар беріледі.
Данияр Қожахмет, Арқалық қаласының «Жастар ресурстары» орталығының директоры:
- Тазалық кубогы деген ұйымдастырып отырамыз. Сол жерде мысалы, ынталандыру мақсатында, музыкалық орталық немесе сол студенттер өздері қолдана алатын заттарды сыйға тартамыз. Арнайы әкімнің атынан кубок беріледі, алғыс хаттар беріледі.
Арқалықты абаттандыру ісіне биыл 2 миллиардқа жуық теңге қаралған. Жоспар бойынша қырық шақты көпқабатты үйдің шатыры мен қасбеті жөнделіп, 2 мың ағаш егіледі. Сондай-ақ орталықта субұрқақ орнатылады.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг