Береке басы - бірлік
Отбасындағы бірлік пен береке еліміздегі ынтымақ пен татулықтың кепілі. Өскемендік ерлі –зайыптылар Фарид Исмаилов пен Вера Правдинаның өмірлік ұстанымы осындай.
Шығармашылық жұп өнерде биік жетістіктерді бағындырып, көптеген байқаулардың лауреаты атанды. Бүгінде облыстың мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біздің тілшіміз өнегелі отбасымен жүздестіп қайтты.
Вера Правдина мен Фарид Исмаиловтың өмірінде өнердің алар орны айрықша. Жұбайлар шығармашылық жолда жүргенде танысып, отбасы құрған екен. Ерлі-зайыптылар жергілікті Достық үйінің жұмысына белсенді араласып келеді. Вера тіл мәдениетінен сабақ береді. Тәжірибелі тәлімгер көпшілік алдында қаймықпай сөйлеп, өз ойын анық жеткізуге үйретеді. Одан жүздеген жеткіншектер мен ересектер тәлім жүр.
Мария Чудновец, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Біз Фарид пен Вераға қызығушылықпен қараймыз, өте үйлесімді, жарасымды жұп, екеуінің жасаған тірліктері көпшілікті сүйсінтеді.
Сахна шеберлігі сабағын Фарид пен Вера бірге жүргізеді. Ата-анасының өнегесін көрген Марлен де өнерден кенде емес.
Вера Правдина, ШҚО Достар үйі орыс этномәдени орталығының төрайымы:
- Біздің отбасымызда бәрі ортақ десе болады, жұмыс та, қызығушылықтарымыз да. Мәдениет саласының өкілдері болғасын көп оқимыз, өнерде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейміз, көп саяхаттаймыз, шығармашылық тұрғыда жаңа жетістіктерге ұмтыламыз. Өміріміз бір арнаға тоғысқан десек болады.
Вера мен Фарид әрдайым шығармашылық ізденісте. Өздері меңгерген ілім-білімдерін шәкірттерінің бойына сіңіріп, жаңа белестерге жетелеуге тырысады. Сондықтан олар жүргізетін үйірмелерге өскемендіктердің қызығушылығы жоғары. Ерлі-зайыптылардың пікірінше, Достық үйі қаланы мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ шаңырағы болуы тиіс. Қызметтен тыс уақытта да берекелі отбасының өмірі көпшілікке үлгі боларлық. Жұмыстан қолдары қалт етсе бірге серуенге шығып, баскетбол, тенниспен айналысады.
Фарид Исмаилов, ШҚО Драма және оперетта театрының әртісі:
- Отан отбасынан басталады. Менің ойымша, еліміздің халқы ауызбірлікті болу үшін елімізді мекен еткен азаматтар бір отбасының мүшелері сияқты бір-бірін сыйлап, бір-бірінің пікіріне құлақ аса білу керек.
Бұл елімізде тұратын жүздеген мың қазақстандықтардың ортақ ұстанымы. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі әрбір бесінші отбасы түрлі ұлт өкілдерінен тұрады екен. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігі күні – ортақ шаңырағымыздағы ынтымақ пен татулықты ұлықтауға арналған бірегей мереке.
Авторлары: Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин