Шымкентте «Қазақ дастарханы» фестивалі өтіп жатыр. Live

Шымкентте Бірлік күніне орай «Қазақ дастарханы» фестивалі ұйымдастырылды.

Шара барысында этномәдени бірлестік өкілдері ұлттық тағамдарды әзірлеуден бақ сынап, жүлделі орындарды сарапқа салды. Достық пен татулықты ту еткен фестиваль қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, этносаралық келісімді нығайтуды көздейді. 

Берекелі дастархан мен бейбітшілікті дәріптейтін кең ауқымды фестиваль «Орталық саябақта» ұйымдастырылды. Қала жұртшылығы мен жиынға қатысушылар бұл күнді зор қуанышпен қарсы алып, бір-бірін ынтымақ мерекесімен құттықтап, ақ тілектерін арнап жатыр.

Фестивальге қатысушылар жас ерекшелігіне қарамастан, ұлттық тағамдарды әзірлеуден өзара бақ сынасты. Әсіресе, басты мәзір қазақша еттің пісірілуіне, қамырдың жұқалығы мен қазы-қарта, жал-жаяның тартылуына баса назар аударылды. Сонымен қатар қазылар алқасы дастархан мәдениеті мен қонақ күту әдебіне де тиісті бағасын берді. Мерекелік шара аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен тұрмыстық көріністер кеңінен насихатталды. Тұрғындар асық ату мен ләңгі тебуден жарысып, бауырсақ пісіру, кеспе кесу, құрт жасаудың байырғы тәсілімен танысты. Әсіресе табақ тарту, «қой басын» ұсыну және етті жіліктеп, үлестірудің мән-мағынасына қанықты.

Мерекелік думан этнос өнерпаздарының концертіне ұласты. Сахнада дәстүрлі әндер мен классикалық туындылар орындалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ел екеніміз дәріптеліп жатыр.