Ирина Новицкая - ақындар айтысының жеңімпазы
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елорда төрінде «Алтын шаңырақ» республикалық этносаралық ақындар айтысы мәресіне жетті. Дүбірлі додада суырыпсалма өнерімен де, домбырадағы шеберлігімен де оқ бойы озық шығып, Бас жүлдені иеленген Ирина Новицкаямен «24KZ» тілшісі сұхбаттасты.
Ирина Владимировна, Бас жүлдеңіз құтты болсын! Сіздің қазақ тіліне деген зор құрметіңіз филология саласындағы кәсіби деңгейге ұласқан екен. Бүгінгі қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз?
– Рақмет! Мен Қостанай облысы Амангелді ауданының Қарасу ауылында туып-өстім. А. Байтұрсынұлы атындағы университетте қазақ филологиясы мамандығын тәмамдадым. Қазіргі таңда Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында аудармашы қызметін атқарамын. Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Достық үйінде бес жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқан «Мәміле: ситуативті қазақ тілі» курсын жүргіземін. Оның ішінде зейнеткерлер, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер де бар, барлығы еркін форматта мемлекеттік тілді үйренуге келеді. Мен үшін ең маңызды жұмыстардың бірі - қазақ тілінің дамуына үлес қосу.
Жақында тұрмысқа шығып, қазақ шаңырағына келін болып түсіпсіз. Жаңа отбасыңыз сізді қалай қабылдады?
– Иә, бұл менің өмірімдегі ең айтулы жаңалықтардың бірі. Мен қазақ шаңырағына келін атандым. Күйеуімнің туыстары мені алғашқы күннен-ақ жатсынбай, өз қыздарындай жылы қабылдады. Өзімді бұл үйде өмірбақи тұрып жатқандай өте жайлы сезінемін. Бұл - халқымыздың кеңпейілділігі мен бауырмалдығының айқын көрінісі.
«Алтын шаңырақ» айтысында Бас жүлдені иелендіңіз. Бұл жеңістің артында кімдердің еңбегі тұр?
– Amanat партиясы мен Халықаралық ақындар одағы ұйымдастырған бұл жоба этнос өкілдерінің басын біріктірген үлкен мектеп болды. Шыны керек, мен негізінен күй орындаушымын, домбыраны 4-сыныптан бері серік етіп келемін. Бірақ айтыс сахнасына шығу - үлкен жауапкершілік. Менің Бас жүлдем — бұл тек менің ғана емес, еліміздегі ұлтаралық татулық пен мемлекеттік тілге деген құрметтің жеңісі. Домбыраның үні мен қазақтың қара сөзі бізді әрқашан біріктіре бермек. Бірлік бар жерде - тірлік бар. Біздің еліміздің басты байлығы - ауызбіршілігіміз. Әрбір шаңырақта татулық салтанат құрып, көк туымыз астында бейбіт күн кешейік. Мереке құтты болсын!