Қазақстан халқының бірлігі күні 30 жыл бұрын тойлана бастады

Қазақстан халқының бірлігі күні осыдан тура 30 жыл бұрын тойлана бастады.

Елде қазақ халқымен қатар 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті күн кешіп жатыр. Қазір Қазақстан ұлт пен ұлысты бір тудың астына ұйыстырған ортақ мекенге айналды.

Қарқаралы тумасы Екатерина Сюй Қарағанды облысының ақпарат саласында қызмет етеді. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қытайлық жолдасымен бірге бүгінде 3 ер бала тәрбиелеп отыр. Бақытты отбасы Қазақстанның қауіпсіз болашағына кәміл сенеді. Өйткені елдегі түрлі ұлт-ұлыстар ауызбіршілік танытып, тату-тәтті күн кешіп келеді. Әсіресе қазіргі алмағайып заманда осы құндылықты барша азамат көздің қарашығындай бағалайды, дейді кейіпкеріміз.

Екатерина Сюй, қала тұрғыны:

- Біздің үйде 3 жаңа жылды тойлайды. Біріншісі 31 желтоқсан, екіншісі қытайлардың жаңа жылы, оның уақыты  өзгеріп отырады және өзіміздің Наурыз. Біздің ұлтымыз әртүрлі болғанымен мен оның дінін де, тілін де сыйлаймын. Сол сияқты ол да менікін сыйлайды. Соның барлығын өсіп келе жатқан баламыз көреді. Және де қазірден бастап түсінеді басқа ұлтқа құрмет болу керектігін.

Екатеринаның үлкен ұлдары қазақ тілін меңгеруді бастап кетті. Аяқалысы жаман емес. Ал кіші ұлы мемлекеттік тілмен бірге қытай тілін қатар үйреніп жүр.

Екатерина Сюй, қала тұрғыны:

- Жалпы тілді білу біріншіден өзім үшін. Өзімнің туған жеріме деген құрмет. Қазақша ортада өскеніммен қалаға көшіп келгеннен кейін орта өзгереді ғой. Соған қарамастан маған ұнайды өзіме қазақ тілі. Сондықтан мен оны ары қарай өзім үшін дамытып келе жатырмын.

Осы күнге дейін қазақ халқына өзінің ерекше ықыласы мен алғысын жаудырудан жалықпаған Любовь Ни елімізде корея мәдениетін қазақ мәдениетімен ұштастыру арқылы дәріптеп келеді. Кәнігі маманның қазақ ұлтына, еліне, жеріне деген құрметі шексіз.

- Степь и казах несокрушимое единство! Как мать и сын. Как воля и простор! Благословенны будьте на века, земля и ты, народ, нас принявшие в нелегкие года. 

Любовь Ни, республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының директоры:

- Бала кезден көпұлтты ортада өстік. Қазақ, орыс, неміс, корей болсақ та жан-жаққа тартпай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып үйрендік. Бізді еліміздің, өз Отанымыздың азаматы болу қағидасы біріктірді. Қазақстанда үлкендерді сыйлау керек деген керемет тәлім-тәрбие бар. Бұл ереже елде ғұмыр кешіп жүрген әр ұлтқа ортақ.

Айта кеткен жөн, бүгінде елімізде 120 мыңнан астам корей тұрады. Олар әр салада еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Осы арқылы Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосып келеді. 

Мирлан Алтынбек, Дәулет Кибраев