Атырау облысында кешен құрылысы тоқтап тұр

Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы 500 орындық стадион кешенінің құрылысы 4 жылдан бері бітпей жатыр.

Құны 1 млрд теңгеге жуықтайтын жоба мерзімінде пайдалануға берілмеді. «Құрылыстың ұзаққа созылуына мердігер мекеменің жауапсыздығы себеп», - дейді мамандар. Кәсіби спорт кешенінің жоқтығынан ауыл жастары шағын алаңдарда жаттығып жүр. Мердігермен соттасқан жергілікті билік құрылысты қайта жандандыруға тырысып жатыр. 

Жергілікті билік барлық талапқа сай спорт кешенін салып, бұқаралық спортты дамытпақшы еді. Алайда 4 жылға созылған құрылыс ақыры аяқталмай қалды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл – осыдан басталған стадионның қазіргі сыйқы. Ол 2023 жылдың қараша айында аяқталуы керек еді. Алайда сақалды құрылыстың салдарынан ауыл балалары әркім өз ауласында доп теуіп жүр.

Құрманғазы ауылының футболшылары кеш болса, шағын ауданның шаңын шығарады. Нәтиже де жаман емес, алаңда жүрген РТС командасы кіші аяқдоптан облыстық жарыстарда топ жарып жүр. «Өкініштісі, үлкен алаңға шығуға әзір мүмкіндік жоқ», - дейді жанкүйерлері.

Ерқанат Мұстахимов, «РТС» командасының жанкүйері:

- Жалпы үлкен стадион керек. Себебі қазіргі уақытта командалардың барлығы кішігірім алаңда ойнап, үйреніп қалған. Үлкен стадиондағы ойындарға шыққан кезде дайындықсыз шығады. Сондықтан үлкен стадионымыз болса, ауылдың жастары, спорт командалары дайындалып, үлкен жетістіктер көрсетеді деген ойдамын.

Жобалық құны 961 млн теңге болатын кешеннің құрылысы басталғанда құрмағазылықтар қуанған еді. Кешенде кәсіби футболға арналған алаңмен қоса жүгіру жолағы, ішінде күрес, бокс, теннис секциялары да қарастырлған болатын. Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс тоқтап қалды. Қазір жергілікті билік құрылыс компаниясымен соттасып әлек.

Ринат Нұғыманов, аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- «Грантстрой сервис» ЖШС келісім шартқа отырған болатынбыз. Алайда мердігер мекеме өз міндеттемелерін уақытылы орындамауына байланысты келісімшарт қазіргі таңда бұзылды. Сот мердігерді жосықсыз қатысушы деп танып, тұрақсыздық айыбы өндірілді.

Стадион құрылысының 75 пайызы аяқталды. Жобаға жауапты және тапсырыс беруші аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінен білгеніміз, жобаға бөлінген 961 млн теңгенің, 200 млны игерілмеген. Қосымша 9 млн теңге бұрынғы мердігерден өндіріледі. Алайда бірнеше жыл тоқтап қалған құрылыс нысаны тоза бастапты.

Ринат Нұғыманов, аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда нысанды аяқтау мақсатында қалған құнын шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шығарып болғаннан кейін жаңа мердігерді анықтауға конкурс жариялаймыз. Биылғы жылы жаңа мердігерді анықтайтын болсақ, келесі жылға аяқтау жоспарымызда бар.

Облыс орталғындағы «Мұнайшы» стадионының да жағдайы мәз емес. Әбден тозған алаң жөндеуге жабылып, салдарынан «Атырау» футбол клубы ойындарын сырт алаңдарда өткізуге мәжбүр. Бұл жанкүйерлер үшін де, команданың өзіне де қолайсыздық туғызады. Жобалық құны 10,9 млрд теңге деп белгіленген жаңа стадион құрылысы 2027 жылға қарай аяқталуы тиіс.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин