Жолдау-2026: қалалар жайлы әрі қауіпсіз болуы керек

Астананың әр ауданында тұрғындарға қажет қызметтер қолжетімді бола түспек. Ол үшін әкімшілік аудандардың әрқайсысында әлеуметтік-әкімшілік нысандар, саябақтар мен мәдени-демалыс орындарын салу жоспарланған.

Яғни тұрғындар шаһар орталығына бармай-ақ, күнделікті шаруасын өз ауданында тындыра алады. Жалпы қала құрылысын жоспарлаудағы мұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мемлекет басшысы Жолдауында жергілікті билікке қалаларды халыққа қолайлы әрі қауіпсіз ету міндетін жүктеген болатын. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Әлемде Сингапур, Копенгаген және Вена секілді адамға өте жайлы қалалар бар. Олардың ерекшелігі шаһарда ғимараттан гөрі жасыл желек көп. Тұрғындары жұмысқа көлікпен барғаннан гөрі саябақта серуендеп, жаяу жеткенді жөн көреді. Ал Астана сондай жайлы қалалардың тізіміне ене ала ма? Әкімдік бұл бағытта қандай жұмыс істеп жатыр? Бірге білеміз.

«Қаланы полиорталықтарға бөліп дамытудағы мақсат та сол тұрғындардың жайлылығы үшін», - дейді жауаптылар. Мәселен, соңғы жылдары елордада 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Мұны бас шаһардағы бес ауданға бөлсек, әр ауданда 100-ден аса жерде жасыл желек пайда болып, халықтың серуендеуіне қолайлы жағдай жасалды деген сөз.

Бақтияр Бекенов, қалалық Урбанистика орталығы Жобалау кеңсесінің жетекшісі:

- Мәселен, биыл 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Оның ішінде ұзындығы 2 шақырымнан асатын «Гринлайн» жаяу жүргіншілер гүлзарын айрықша атап өтуге болады. Оның ашылуына Президенттің өзі арнайы келіп қатысты.

Келешекте Астана қаласының аумағынан өтетін Есіл өзенінің жағалауын толық абаттандыру көзделген. Бұл бас-аяғы – 27 шақырым. Қазір оның 10 шақырымы жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ыңғайлы етіп жасалған. Одан бөлек ұзындығы 4 шақырым болатын «Мыңжылдық аллеясының» да құрылысы жүріп жатыр. Осы тұста айта кету керек, Астана – Қазақстандағы урбанистика орталығы бар санаулы қалалардың бірі. Аталған мекеме қоғамдық кеңістікті халыққа барынша жайлы қылумен айналысады. Елорданың тәжірибесін биыл Президент барлық өңірге енгізуді тапсырған болатын.

Жайлы қала дегенде көлік кептелісін де айтпай кету мүмкін емес. Әкімдік бұл мәселенің шешудің бір жолы – қоғамдық көлікті көбейту деп отыр.

Әсел Досболқызы, қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:

- 2022 жылғы көрсеткішке сәйкес күніне 616 мың тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланған. Яғни бұдан халықтың қоғамдық көлікке деген сұранысын көруге болады. Осыған орай 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,1 есе арттыру көзделуде. Яғни қоғамдық көліктердің түрлері мен санын көбейту, бұл – кептелістің алдын алу шараларының бірі болып табылады.

Бұдан бөлек жеңіл рельсті көлікке де сұраныс артқан. Сондықтан алдағы жылдары оның да желісі кеңейтілмек. Астананың бас жоспар бойынша 2050 жылға дейін оған қосымша 9 маршрут қосу қарастырылған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Медет Қуанышбеков, Мадияр Қындыбаев

Сондай-ақ оқыңыз: