БҚО-да 43 үй жөнделеді
Батыс Қазақстан облысында 8 көпқабатты үйдің төбе жабыны жөнделіп, 35 үйдің жеделсатысы жаңартылады.
Бұл жобалардың жалпы құны 1 млрд теңге. Қазір қажетті қаражатты республикалық бюджеттен бөлу жөнінде өтінім жолданған.
Облыстағы шағын шаһар саналатын Ақсай қаласында 153 көпқабатты үй бар. Соның басым бөлігінің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Көбінің төбесі тесіліп, мұржалары тозып, жеделсатылары істен шыққан. Аталған проблема тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы аясында шешімін тауып келеді. Мәселен, 10-шы ықшамаудандағы №8 үйдің су құбырлары жуырда түгелдей ауыстырылыпты.
Юрий Юн, Пик төрағасы:
- Бұрын жоғары қабаттағыларға су жетпей жүрді. Ескі тұрбаларды қалай тот басып, тозып, іші шіріп кеткенін ауыстырғанда көрдік қой. Осы құбырларды алмастыруға әр үйден небәрі 78 мың теңге шығын кетті. Оны 1 жылға несие түрінде рәсімдедік. Қазір тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Камила Абдоллина, қала тұрғыны:
- Осы үйде тұрып жатқаныма 6 жыл болды. 5-ші қабаттан жоғары қабаттарда үнемі салқын судан проблема болып келді. Су сыздықтап ағады, қысым жоқ. Былтыр қыркүйекте мүлде су келмей қалды. Содан кейін құбырларды алмастырдық. Қазір бәрі жақсы.
Сонымен қатар былтыр Ақсай қаласында жалпы құны 155 млн теңгеге 10 жеделсаты жаңартылған. Биыл тағы 22 жобаның құжаттары әзірленген.
Замир Мырзағалиев, «Ақсай жаңғырту» ЖШС директоры:
- Былтыр жаңа бағытты қолға алдық. Ол деген көпқабатты, көппәтерлі тұрғын үйлердің су жүйелерін жаңғырту мәселесі. 7 тұрғын үйдің шатырларын жөндеу өтінімдерімен жұмыс істеп жатырмыз. Ақсай қаласы бойынша 22 жедел саты ауыстыру. Жалпы жобалардың құны - 345 млн теңге.
Өңірде мемлекеттен берілетін пайызсыз несиені пайдаланып, тұрғынжайларын жақсартқысы келетіндер саны артып келеді. Биыл да жалпы құны 1 млрд теңгеге жобалар әзірленген.
Қанат Өмірәлиев, БҚО Энергетика және ТКШ Басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде жобалар жасақталған, сараптамадан өткен. Соның 22-сі Ақсай қаласында лифтке өтінім түсірді және Орал қаласындағы 21 жобаның ішіндегі 13 лифт қалғаны төбе жабындылар. Қазір бюджеттік өтімді біз республикаға да, облыстық бюджетке де жолдадық. Егер қаражат қарастырған жағдайда бұл жұмыстар жүзеге асатын болады.
Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстары басталған 2011 жылдан бері 162 жеделсаты жаңартылса, 337 үйдің төбесі жөнделген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов