Оралда дәрігерлердің жалақысы артады

Батыс Қазақстан облысында 67 жалпы практика дәрігері тапшы. Қазір учаскелік терапевттер күніне 30-дан аса науқас қабылдайды. Әр дәрігер өзіне тіркелген мыңдаған тұрғынның денсаулығына жауапты.

Медицина мамандары мұндай жүктемені қалай еңсеріп жүр? Емханалардағы кадр тапшылығын азайту үшін қандай шаралар қолға алынған? 

Дәрігерге бір науқасты қабылдауға шамамен 15 минут беріледі. Осы уақыт ішінде шағымдарын тыңдап, ауру тарихын зерделеп, ем тағайындап, медициналық құжаттарды толтыру қажет. Қалалық №4 емханада бес жылдан бері жұмыс істейтін учаскелік дәрігер Анна Дусалиева күн сайын осындай қарбаласпен еңбек етеді. Қазір ол жеті учаскені біріктіретін отбасылық денсаулық орталығын басқарады. Әр учаскеге екі мыңға дейін тұрғын тіркелген.

Анна Дусалиева, қалалық №4 емханасы Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі:

- Жүктеме өте жоғары. Күніне 30-дан астам науқас келеді. Дегенмен үлгеруге тырысамыз. Науқасқа көбірек уақыт бөлу қажет болса, қабылдауды сәл ұзарта тұрамыз. Ал құжаттарымен танысып, қажетті жазбаларды енгізіп, ұсыныстар беруге мүмкіндік болса, жұмысты жеделдетеміз. Жағдайға қарай қабылдау уақытын өзіміз реттейміз. Қажет болғанда жұмыста ұзағырақ қаламыз.

Дәрігер «шамамен 400 мың теңге айлық аламын» дейді. Ал медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту олардың салада тұрақтап, тәжірибе жинақтауына ықпал етуі мүмкін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру көзделген.

Анна Дусалиева, қалалық №4 емхананың Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі:

- Барлығы қатты қуанды. Әсіресе бір мекемеде тұрақты жұмыс істеп жүрген мамандар риза болды. Бұл дәрігерлерге бір орында тұрақтап, еңбек етуге қосымша ынталандыру болады. Өйткені қазір көп маман мұндай жүктемеге шыдамай, жұмыстан кетіп жатады. Тіпті оқу орнын бітіргеннен кейін бір жыл жұмыс істеп, басқа салаға ауысатындар бар. Жалақының өсуі емханадағы кадр тұрақтылығына оң әсер етеді деп ойлаймын.

Науқастардың сауығуына мейірбикелердің қосатын үлесі зор. Гаухар Нұрымова осы емханада тоғыз жылдан бері еңбек етеді. Ол дәрігердің қабылдауына көмектесіп қана қоймай, үй жағдайында ем алып жатқан науқастардың халін бақылайды. Әсіресе ауруханадан шыққан балаларға, инсульт пен инфаркт алған азаматтарға ерекше назар аударылады.

Гаухар Нұрымова, қалалық №4 емхананың учаскелік мейірбикесі

- Балалар ауруханадан шыққаннан кейін дәрігермен бірге үйлеріне барып, жағдайын тексереміз. Сондай-ақ жедел жәрдем шақырғаннан кейін бақылауға алынған науқастар бар. Инсульт пен инфаркт алған адамдарға да барамыз. Ауруханада емделіп шыққан науқастарды үйінде қарап, қажет болса, оңалту маманы мен бейінді дәрігерлерді шақыруымыз керек. Медбикелердің міндеті де аз емес. Жұмысымызда психологиялық жүктеме де бар.

Медицина саласындағы кадр тапшылығы өңір үшін өзекті мәселе. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 1810 дәрігер және алты жарым мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Алайда учаскелік терапевтер жетіспейді. Қазір бұл қызметте 314 маман жұмыс істейді. Ал штаттық кесте бойынша 381 дәрігер қажет.

Күнсұлу Ниярова, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің басшысы:

- Қазір дәрігерлер арасында ең үлкен тапшылық жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтер, хирургтер мен кардиологтер бойынша байқалады. Биыл облысқа 161 дәрігер келді. Олардың 72-сі ауылдық жерлерге жіберілді. 29 маман қызметтік баспанамен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, өңірге келген дәрігерлерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Шалғай аудандарға барған мамандарға шамамен 8,5 миллион теңге, ал қалаға келгендерге 1 миллион теңге көлемінде қолдау беріледі.

Кадр тапшылығын азайтудың тағы бір жолы – жергілікті мамандарды даярлау. Биыл облыс бакалавриатта білім алуға 60 грант, ал резидентураға 50 грант бөлді. Бұл шаралар медицина саласын жас мамандармен толықтырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: