Павлодарлық оқушылар дронмен футбол ойнап жүр

Павлодар облысында оқушылар дронмен футбол ойнап жүр. Цифрлық форматтағы бұл ойында дәстүрлі доптың орнын дрон алмастырған.

Оқушылар әуедегі сақинаға гол соғып, жылдамдық пен дәлдікті сынайды.Қысқа уақыт ішінде бұл жоба ауыл мектебінде ерекше білім беру бағытына айналып үлгерді. Жас футболшылар республикалық байқауға қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Дрон-футбол ойыны аз уақыттың ішінде ауыл балаларының жүрегін жаулап алды. Кәдімгі футболдан айырмашылығы – мұнда қақпаның орнына сақиналар қойылған, ал доптың орнына ауада басқарылатын дрондар қолданылады. Заря ауылындағы мектеп оқушылары бұл ойынмен екі жыл бұрын айналыса бастады. Соған қарамастан, олар қазірдің өзінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. «Digital Almaty» турнирінде студенттер арасында қатысып, жалғыз мектеп командасы ретінде төртінші орынға ие болды.

Тілек Ермеков, Заря мектебінің спорт нұсқаушысы:

- Команда құрамы бес адамнан тұрады – үшеуі қорғаушы, екеуі шабуылшы. Қорғаушылар өз қақпаларын қорғайды, ал шабуылшылар тиісінше шабуыл жасайды.Олар тезірек ойлай білуі керек, өйткені қақпаға кіру оңай емес. Онда да қарсылық бар – қарсылас қорғаушылар бар, оларды ептілікпен айналып өту қажет. Мұның бәрі ойлау қабілетіне байланысты, мұнда ең бастысы – ақыл-ой әрі қолдар да джойстикте шапшаң жұмыс істеуі керек.

Елжан Тоқтар – жаңа ойынды ерекше қызығушылықпен меңгерген үш оқушының бірі. Классикалық футболмен бес жылдан бері айналысып жүрген алғыр оқушы дрон-футболды да тез игеріп алды. Қазір оқушылар дронды басқаруды үйреніп, жаңа ойынның қыр-сырын терең меңгеріп жатыр. Алда оларды жаңа жарыстар күтіп тұр.

Елжан Тоқтар, оқушы:

- Футбол қырағылықты талап етеді. Алаңда шамамен он шақты дрон болады, ал дәстүрлі футболда бір ғана доп бар. Барлық дрондар допқа ұқсайтындықтан, өз дроныңа ерекше назар аудару қажет. Бұл ойыншыға допты да, алаңды да анық көріп, жағдайды дұрыс бағалауға көмектеседі.

Республикалық жарыста алдыңғы шептен көрінген оқушылар болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруға бел буып отыр. Бұл, бір жағынан, олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.

Авторы: Дәулет Қошқарбаев