Ауыл кәсіпкерлеріне қолдау бар

Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен  жеңілдетілген несие алып, кәсібін ашқандар көбейді.  

Ілкімді жобаның игілігін көргендердің бірі - Ренат Абдулов. Ауыл тұрғыны таза былғарыдан қолөнер бұйымдарын өндіретін шағын цех ашқан. Айтуынша, ұлттық нақыштағы  бұйымдарға сұраныс бар. Әсіресе  ою-өрнекпен көмкерілген  экологиялық таза дүниелерге қызығушылық жоғары.

Байсерке ауылының тұрғыны Ренат Абдуловтың ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қолөнермен айналыса бастағанына он шақты жыл болды. Ол бұл кәсіпке жайдан жай келмегенін, ата-бабасы заманында ат әбзелдерін жасайтын әйгілі шебер болғанын айтты. Кәсіпкер үш жыл бұрын  «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8,5 млн теңге жеңілдетілген несие рәсімдеп, жеке шеберханасын шағын цехқа айналдырды.

Ренат Абдулов, қолөнер шебері:

- Бұрын біз негізі бәрін қолмен жасайтынбыз. Ол ұзақ уақыт алады. Болашақта негізі сол белдік, әмиян, сөмкелерді қазақи нақышта, қазақы рухты көтеретін деген сияқты современный дизайнмен соның бәрін қосып жасай береміз. Алған қаржы бойынша оптимизация жасадық деп айтуға болады. Себебі станоктармен өнім өсті.

Кәсіпкер былғарыдан ұлттық ою-өрнектер бедерленген  белдік, әмиян және әйелдерге арналған сөмкелер тігеді. «Бір байқағанымыз, арнайы тапсырыс берушілер қатары жылдан жылға артып келеді. Кейбірі,  есімін жазғызуды сұрайды. Цехқа жаңа станоктар алынғалы жұмысым жеңілдеді. Бағаны да арзандаттық», - дейді ол.

Мұрат Тоғызбаев, Байсерке ауылдық округінің әкімі:

- Осындай кәсіби цехтар ашылса дұрыс болатын еді. Негізі қазір «Ауыл аманатына» қағаздар өткізіп жатқан көп адамдар металл цех, сварочный цех ашуға және СТО, осындай пластикалық терезе жасайтын цехтар ашуға ұсыныстарын беріп жатыр. Енді негізі ол дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіз, үкіметтің көмегімен, үкіметтің қаражатымен кәсіпкерлігімізді дамыту керекпіз.

Іле ауданында жылқы, түйе сатып алып, ұлттық сусынымыз қымыз бен шұбат өндірісін қолға алып жатқан кәсіпкерлер де бар.  Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға 13 миллиард теңге бөлінген.  Бүгінге дейін өңірдегі 1400-ден астам шағын және орта бизнес өкілі қаржылай қолдауға ие болды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов, Аят Дүйсенбаев