Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел қорғаны

Олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру - қазіргі аға буынның міндеті. Осы мақсатта Ұлттық әскери-патриоттық орталығында республикалық дөңгелек үстел өтті.

Ардагерлер ұйымның өкілдері, Ұлттық ұлан сарбаздары жастармен кездесіп, елдегі қарулы күштердің құрылу тарихы, қазіргі әлеуеті жайлы ойларын бөлісті. Сондай-ақ қазақстандық сарбаздардың бітімгершілік миссиялардағы тәжірибесі сынды маңызды ақпараттар айтылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай жиындар жастарды Конституция қағидаттарын құрметтеуге тәрбиелей отырып, оларды елін сүйетін, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптастыру үшін аса маңызды. 

Ғалымжан Жұмабаев, ҚР қорғаныс министрлігі Әскери тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы:

- Жастардың барлығы отансүйгіш және олар жастайынан қазақи тәрбиеге үйренісіп, қазақи тәрбие алып келе жатыр. Оның барлығы ел-жұртқа мәлім нәрсе. Қорғаныс министрлігі осы салада әрқашан басқа да мемлекеттік мекемелермен және қоғамдың ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Қазір елде республикалық үйлестіру кеңесі құрылды және еліміздің барлық өңірінде әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру бойынша үйлестіру кеңестері жұмыс атқарады.