Астанада төртінші Charity Samruk Marathon қайырымдылық шарасы өтті
Елордада өткен марафоннан жиналған қаражатқа жаңа инклюзия кабинеттері ашылады. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
Оның айтуынша, спорттық шаралар арқылы игі бастамаларды жүзеге асыру дәстүрге айналған. Charity Samruk Marathon осымен төртінші рет өтіп отыр.
Демалыс күніне қарамастан Астанадағы ботаникалық баққа жиналғандардың қарасы қалың. Марафонға жиналған 3000 адамның мамандығы да, жастары да әртүрлі. Олардың арасында жүгіруді енді бастаған оқушылармен қатар ардагер спортшылар да бар.
Дильназ Кәкішева, Қайырымдылық марафонының қатысушысы:
- 2,5 шақырым қашықтыққа жүгіремін. Бұған дейін үш шақырымды бағындырғанмын. Сондықтан аса қиын болмайды деп ойлаймын. Жарыстан жағымды эмоциялар мен жеңіс күтемін.
Елеусіз Пардабай, Қайырымдылық марафонының қатысушысы:
- 46 жыл болды жүгірумен айналысамын. Марафон 2021-ден басталады. Велосипедті, жүзуді қоспағанда бұл 88-ші марафоным. Сондықтан спорт мен үшін керемет ләззат алатын спорттың түрі.
Биылғы марафон ерекше. Себебі оның бағдарламасы кеңейтілген. Қатысушылар 2,5 км, 5 км және 10 км қашықтықтарға жүгірумен қатар, 2,5 шақырымыды скандинавиялық әдіспен жүріп өтуден жарысты. Қайырымдылық марафонына 50-ден астам серіктес ұйым қолдау көрсетті.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:
- Биыл біз марафон арқылы 250 млн-нан астам қаражат жинадық. Бұл қаражатқа Ақтөбе қаласында 10 инклюзия сыныбын ашатын боламыз. Өткен жылдары марафондар арқылы 15 инклюзия сыныбын аштық.
Қайырымдылық марафонынан бастау алған игі іс бүгінде үлкен шараға айналып, жалғасын тапты. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының қолдауымен Samruk-Kazyna Trust қоры арқылы Астана, Ақмола және Атырау облыстарында 31 инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Бұл сыныптарда 2 000-нан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала оқып жүр.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мұрат Әріпханов