Танымал кәсіпкер тағы 50 қызметкеріне пәтер сыйлады

Фото:Видеодан алынған кадр

Танымал кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзов өз қызметкерлеріне тағы 50 пәтер сыйлады, деп хабарлайды «24KZ».
Қуанышты  жағдай туралы  блогер Бейбіт Әлібеков  әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Қайырымдылық шарасы зауыттың 50 жылдығына орай ұйымдастырылған. Кәсіпкер ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қызметкерлерге баспана табыстады.

Алагөзов бұл күннің өзі үшін ерекше екенін атап өтті. Ол бір кездері бизнесінен айырылып, айына небәрі 200 мың теңгемен күн көрген қиын кезеңді бастан өткергенін айтты. Сол уақытта ипотекасын төлей алмай, баспанасынан айырылып қалам ба деп алаңдаған кездерін жасырмады. 

Тұрсен Алагөзов сол кезде өзіне бизнесін қайта қалпына келтірсе, адамдарға көмектесемін деп уәде бергенін жеткізді. Мүмкіндік туса,  әріптестеріне қолдау көрсетуді парыз санаған.

“Сол кезде өзіме уәде бердім: егер бизнесімді қайта қалпына келтіре алсам, адамдарға көмектесемін дедім. Сондықтан бүгін осында отырған баршаңызға жеке өз атымнан пәтер сыйлағым келеді”, – деді ол.

Бұған дейін ол Алматыдағы қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған болатын. Кәсіпкер уәдесінде тұрып, әріптестеріне қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.