Қазақстан халқының саны туралы жаңа деректер жарияланды

Фото: depositphotos.com

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 547 909 адамға жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 48 087 адамға (0,23%) өсті. Бұл туралы «24KZ» хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, есепті кезеңдегі демографиялық ахуал келесідей қалыптасты:

  • Табиғи өсім: 42 879 адам;
  • Көші-қон өсімі: 5 208 адам;
  • Орташа халық саны: 20 523 866 адам.

Елімізде қала халқының үлесі қарқынды артып келеді. Қазіргі таңда қалалықтар саны 13 137 950 адамды құрайды. Қала халқы 52 840 адамға көбейіп, өсім қарқыны 0,4%-ға жетті. Бұл — республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Мұндай серпінге туу көрсеткішінің жоғарылығы мен ішкі-сыртқы миграциялық ағын тікелей әсер еткен.

Керісінше, ауыл тұрғындарының саны азайып жатқаны байқалады. Ауыл халқы 7 409 959 адамды құрап, жыл басынан бері 4 753 адамға кеміген. Ауылдық жерлерде табиғи өсім (16 816 адам) сақталғанымен, миграциялық кетіс (21 569 адам) жалпы көрсеткіштің төмендеуіне алып келді.

Халық санының өсуі бойынша көш бастап тұрған аймақтар:

  1. Астана — 1,44%
  2. Шымкент — 0,68%
  3. Алматы облысы — 0,62%

Ең жоғары табиғи өсім Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелді.

Миграциялық процестерде де өңірлік айырмашылықтар бар. Халық ең көп қоныс аударған аймақтар — Түркістан және Жамбыл облыстары. Ал көшіп келушілердің ең үлкен ағыны елордаға тиесілі: Астана қаласына 18 мыңнан астам адам қоныс тепкен.

Анықтама: 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша, Қазақстан халқының саны 20 532 240 адамды құраған болатын.