Қостанай облысында өсімдік майының өндірісі артты
Биыл елде 5 млн тоннадан астам майлы дақыл жиналады. Бұл былтырғыдан 2 жарым есе көп. Жалпы бұл дақылды өзімізде өңдеуге мүмкіндік мол. Дегенмен әзірге өнімнің басым бөлігі экспортқа кетіп жатыр.
Алтынсарин ауданында биыл 73 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Орташа түсім гектарынан 8 центнерден келді. Кейбір шаруашылықтар 30-45 центнерден өнім алған. Мұндай өнімділік айырмашылығын мамандар құрғақшылық салдарымен және агротехникалық шаралардың дұрыс сақталмауымен байланыстырады.
Төлеген Мұстафин, Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Биыл 60 мың гектарға майлы дақылдар егу жоспарланған еді. Бірақ экономикалық тиімділігін байқаған шаруалар оның көлемін 13 мың гектарға ұлғайтты. Рас, бәрі бірдей жақсы өнім алды дей алмаймыз. Агротехникалық талапты сақтағандар гектарынан 32- 45 центнерден жинаса, кейбірі 10 центнерге де жеткізе алмады.
Шаруашылық басшысы Юрий Снегиревтің айтуынша, бидайға қарағанда майлы дақыл әлдеқайда тиімді. Күнбағыс, зығырға шет елдерден сұраныс жоғары. Сондықтан «Кім қымбат баға ұсынады соған өткіземіз» дейді.
Юрий Снегирев, шаруашылық басшысы:
- Әрине, бізге жергілікті май өндірушілерге тапсырған жақсы болар еді. Бірақ олардың ұсынып отырған бағасы төмен. Тоннасына 160 мың теңге деп белгілеп отыр. Ал шымкенттегілер 210 мың теңгеге алуға дайын. Германия, Қытай, Еуропа елдерінен де сұраныс бар.
Қостанай облысында биыл 1 миллион тонна майлы тұқым жиналды. Соның шамамен 30 проценті ғана жергілікті жерде өңделеді. Өңірдегі ең ірі өсімдік майын өңдеу зауыты – Федоров ауданында. Кәсіпорын күніне 180 тонна күнбағыс дәнін өңдеп, 50-60 тонна май шығаруға қауқарлы. «Алайда жаз шыға шикізат тапшылығы туындап, өндіріс қуатын бәсеңдетуге мәжбүрміз», - дейді зауыт басшысы.
Аманжол Ділдәбеков, май зауытының директоры:
- Жылына шамамен 25-30 мыңдай тонна керек егер тоқтамай істесе. Өзіміздікінен 5 мың, 6 мың жинаймыз, қалғаны бәрі сатып алынған. Енді сол сатып алу кезінде кредит, ақша керек. Өйткені қаңтар, ақпан кезінде бәрін сатып жібереді ғой. Бізге сол уақытта ақша керек. Сол уақытта шемішкені бәрін қабылдап алу керек.
Қалай десек те, елімізде өсімдік майы өндірісі ең жоғарғы өсім көрсетіп отыр. Биыл оның көлемі 25 процентке артты. Күнбағыс майының экспорты бойынша Қазақстан қазір әлемде 6-орында тұр. Бұл салада тағы бірнеше жоба жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, отандық өндірістің жетекші орынға шығуға мүмкіндігі бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг