Алдағы жылыту маусымына дайындық
Үкімет отырысында елдегі жылу электр орталықтарын кешенді жаңғырту жұмыстарының барысы талқыланды.
Бүгінде 5 электр орталығы қызыл аймақтан сары деңгейге көшті. Министрлік мәліметінше, жыл соңына дейін станциялардағы жабдықтардың тозуы 52%-ға дейін төмендейді.
Өткен кезеңде 8 жылу электр орталығы қауіпті нысандар қатарынан шықты. Ал электр желілеріндегі технологиялық ақаулар 12%-ға азайыпты. Алдағы қысты да кемшіліксіз, кедергісіз өткеру межесі тұр. Сан соғып қалмас үшін қазірден қамданған өңірлерді энергетика вице-министрі жіпке тізді.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер ЖЭО-да № 5 және 6 қазандықтарға және Риддер қаласындағы жылу желілерінің 12 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Абай облысында 1-ЖЭО мен Семей қаласының қазандықтарын жөндеуде. Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін Министрлік слайдта көрсетілген барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады.
Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Биылдың өзінде электр стансаларындағы жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 9%-ға өсіп отыр. Бұдан бөлек Ұлттық жоба аясында да ақша берілмек. Жыл соңына дейін 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтеді. Кестедегі шаруадан бөлек, үкімет басшысы Алматыдағы үшінші жылу электр орталығының жағдайына алаңдады. Нысандағы құрылыс мерзімі бұзылғаны анықталыпты. Олжас Бектенов олқылықты ретке келтіру қажеттігін айтты. «Самұрық-Энерго» басшысына бұл шаруа жеке жауапкершілігінде екенін еске салды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Маған түскен ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы ЖЭО-3 бойынша мерзімдердің бұзылу фактілері бар. Бұны ұмытпаған шығарсыз?! Барлығы уақытында аяқталуы тиіс. Бұл – сіздің жеке жауапкершілігіңіз…
Жалпы алғанда электр стансаларындағы технологиялық ақаулар саны былтырмен салыстырғанда 15%-ға азайыпты. 17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, ең жоғары тарихи деңгейге қол жеткізілді. Биылғы жоспар да аз емес. Жылда жылусыз қалып, жұртты әбігерге салу енді жарамас. «Ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ»,- деді үкімет басшысы. Өңір әкімдері мен жауапты министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Ол бойынша жыл соңына дейін 130 шақырым жылу желісі мен 10,5 мың шақырым электр желісін жаңғырту жоспарланып отыр. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет.