Қосшыдағы жалғыз ардагерге берілетін төлем көлемі белгілі болды

Фото: depositphotos.com

Ақмола облысында Жеңіс күніне орай  Ұлы Отан соғысының жалғыз  ардагеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі, деп хабарлайды «24KZ».

Ресми мәліметке сәйкес, өңірде бүгінде 1 ҰОС ардагері бар. Ол Қосшы қаласында тұрады.

Сонымен қатар ҰОС ардагерлеріне теңестірілген жеңілдіктері бар азаматтарға 25-тен 30 АЕК-ке дейін (108 125 – 129 750 теңге) төлем қарастырылған. Бұл санатқа Ленинград блокадасы кезінде еңбек еткен азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде жарақат алып мүгедек болған әскери қызметшілер, сондай-ақ Чернобыль апатының қатысушылары кіреді.

Ал басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлеріне 25 АЕК (108 125 теңге) мөлшерінде төлем беріледі. Бұл санатқа тәжік-ауған учаскесінде қызмет атқарған, Ирактағы бітімгершілік миссияға қатысқан және Таулы Қарабақтағы қақтығыстарды реттеуге қатысқан әскери қызметшілер кіреді.

Бұдан бөлек, бірқатар санаттағы азаматтарға 10-нан 25 АЕК-ке дейін (43 250 – 108 125 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, әскери қызметшілердің отбасылары және Чернобыль апаты салдарын жою кезінде қаза тапқандардың туыстары бар.

Төлем мөлшері алушылар санатына қарай сараланып белгіленеді.