15 ардагерге 5 млн теңгеден берілді

Фото: Алматы қалалық әкімшілік

Алматы қаласында Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға ауқымды әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды «24KZ».

Қалада 15 ҰОС ардагеріне 5 млн теңгеден біржолғы төлем берілді. Бұл – Жеңіс күні қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырылатын қолдау шараларының бірі.

Сондай-ақ тарихи әскери оқиғаларға қатысқан азаматтарға да әлеуметтік көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 1969 жылы Даманский аралы маңындағы және Жалаңашкөл көлі ауданындағы қақтығыстарға қатысқан 17 адамға 200 мың теңгеден төленді.

Бұдан бөлек:

·         1353 ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғаға

·         2955 басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерге

·         4713 тыл еңбеккеріне

әрқайсысына 100 мың теңгеден біржолғы төлем жасалды.

Сонымен қатар қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің 191 жұбайына 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілді.

Әлеуметтік төлемдер 2023 жылғы 8 желтоқсандағы мәслихат шешіміне сәйкес жүзеге асырылған.

Айта кетейік, барлық төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде, азаматтардың өтінішінсіз автоматты түрде аударылды.