Қазақстанда алимент қоры құрыла ма?
Қазақстанда алимент қоры құрыла ма? Бұл мәселенің өзектілігі Мәжілісте тағы көтерілді.
Елде алимент қоры құрылса, оның қаржысын салықтық түсімдерден емес, қайтарылған активтер есебінен толықтыру ұсынылды. Жауапты органдар бұл бастаманы іске асыруға дайын ба?
Елде 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүгедек балалар да бар. Тіпті кейбір толық емес отбасылар мүгедектігі бар бірнеше баланы жалғыз асырап отыр. Ажырасқандардың алимент бойынша жалпы қарызы 18 млрд теңгеге жеткен.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2016 жылы Қазақстан Халық партиясының фракциясы алименттік қор құру туралы алғаш рет мәлімдегенде, берешек 2 млрд теңге еді, қазір 18 млрд теңгеге жетті. Бұл тек үш айдан асқан қарыздар ғана. Өзекті әлеуметтік мәселенің шешілмей отырғанын ескере, Әділет министрлігі балалардың конституциялық кепілдендірілген құқықтарын қорғау аясында, алименттік қорды салықтық емес түсімдер есебінен, яғни заңсыз активтерді қайтару бойынша мемлекеттік қор есебінен құруға дайын ба?
Аталған қор алимент ала алмай отырған балаларға қамқорлық үшін қажет. Оны іске қосу мерзімін, орындаудың нақты механизмдерін бекіту керек. Әділет вице-министрі депутат сұрағына жауабында мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:
- Алимент мәселесін Үкімет деңгейінде қарастыратын боламыз. Бұл ретте экономикалық блокқа жауапты әріптестеріміздің ұстанымын білу маңызды. Бүгінде өз тарапымыздан цифрландыру бойынша қажетті жұмыстың бәрін орындадық. Мысалы, бұрын қызметкер жалақыны «конвертпен» алып, минималды алимент төлеуге тырысса, қазір жасанды интеллект мұндай жағдайларды анықтауға көмектеседі.
Иә, енді жасанды интеллект алиментшінің баладан жасырған кірісін анықтайды. Алимент мөлшері шындыққа жанасуы қажет. Жоғары білікті, тәжірибелі қызметкердің төмен жалақы алуы мүмкін емес, - дейді жауаптылар. Күмән туындаса, мекеме бухгалтеріне тікелей хабарлама жолданады.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:
- Инженер мамандығымен Астанада жұмыс істейтін азамат қалайша 200 мың теңгеден аз жалақы алуы мүмкін? Сірә, қалған табысын «конвертке» жасырған шығар? Біз Қаржы министрлігімен бірлесіп, бухгалтерлерге push-хабарлама жіберіп отырамыз. Онда: «Сіздің қызметкеріңіз дипломы мен біліктілігі бола тұра, өте төмен жалақы алып отыр» деп, ескертеміз. Ешбір бухгалтер салық комитетінен тексеріс келгенін қаламайды. Қызметкеріне жалақысын толығымен ресми түрде төлеу тиімді.
Мәселенің заңдылығын реттеуге жасанды интеллект, цифрландыру құралдары көмектеседі. Мақсат - төлем сомасының шынайы болуы. Бұл бір мәселе болса, одан өзектісі - мүлде алимент төлемей жүрген ата-аналарды заңға бағындыру. Бала - ел болашағы. Мемлекет оған қамқоршы. Сондықтан да оның дамуы үшін қандай да кепілдік қажет. Бірыңғай алимент қорын құру - мәселеге көмектесуі тиіс.
Авторы: Рухани Әбдірахман