Елімізде жылу электр орталықтарының рейтингі жақсарды
Елімізде жылу электр орталықтарының рейтингі жақсарды. Қарашаны жылумен қамтитын 5 электр орталығы қызыл аймақтан шығарылды.
Тағы бесеуінің жағдайы жақсы деуге келмейді. Оларды жыл соңына дейін қатарға қосу көзделіп отыр. Қауіп пен апаттың алдын алу шаралары ширай түспек. Министрлік жыл соңына дейін электр станциялары жабдықтарының тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр. Жауаптылардың қам-қарекеті бүгінгі Үкімет отырысында пысықталды.
Өткен кезеңде 8 жылу электр орталығы қауіпті нысандар қатарынан шығарылды. Ал электр желілеріндегі технологиялық ақаулар 12%-ға азайыпты. Алдағы қысты да кемшіліксіз, кедергісіз өткеру межесі тұр. Сан соғып қалмас үшін қазірден қамданған өңірлерді Энергетика вице-министрі жіпке тізді.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысында Риддер ЖЭО-да № 5 және 6 қазандықтарға және Риддер қаласындағы жылу желілерінің 12 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абай облысында 1-ЖЭО мен Семей қаласының қазандықтарын жөндеуде. Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін министрлік слайдта көрсетілген барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады.
Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Биылдың өзінде электр стансаларындағы жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 9%-ға өсіп отыр. Бұдан бөлек, Ұлттық жоба аясында да ақша берілмек. Жыл соңына дейін 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтеді. Кестедегі шаруадан бөлек, үкімет басшысы Алматыдағы үшінші жылу электр орталығының жағдайына алаңдады.
Нысандағы құрылыс мерзімі бұзылғаны анықталыпты. Олжас Бектенов олқылықты ретке келтіру қажеттігін айтты. «Самұрық-Энерго» басшысына бұл шаруа жеке жауапкершілігінде екенін еске салды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Маған түскен ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы ЖЭО-3 бойынша мерзімдердің бұзылу фактілері бар. Бұны ұмытпаған шығарсыз?! Барлығы уақытында аяқталуы тиіс. Бұл – сіздің жеке жауапкершілігіңіз.
Жылу беру маусымына арналған отын қоры қыркүйекке дейін жинақталуы тиіс. Жылу көздері мен теміржол тұйықтарында қор алдын ала әзірленуі керек. Үкімет басшысы әр өңір әкіміне бұл іске салғырт қарамау қажеттігін айтты. Мұнымен қоса, Олжас Бектенов энергетика нысандарында жөндеу жұмыстарының көлемін қысқартуға тыйым салып отыр. Қаржыландыруды ды өзгеріссіз қалдырды.
Жалпы алғанда электр стансаларындағы технологиялық ақаулар саны былтырмен салыстырғанда 15%-ға азайыпты. 17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, ең жоғары тарихи деңгейге қол жеткізілді. Биылғы жоспар да аз емес. Жылда жылусыз қалып, жұртты әбігерге салу енді жарамас. «Ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ»,- деді Үкімет басшысы. Өңір әкімдері мен жауапты министрлерге нақты тапсырмалар берілді.
Ол бойынша жыл соңына дейін 130 шақырым жылу желісі мен 10,5 мың шақырым электр желісін жаңғырту жоспарланып отыр. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров