Есірткі қылмысы: Қазақстанда шетелдің 76 азаматы ұсталды
Қазақстанда биыл төрт айда есірткі қылмыстары үшін 76 шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Олардың 23-і есірткі сатқаны үшін, үшеуі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін және 29-ы контрабандалық қылмысы үшін ұсталды. Сондай-ақ шетелдіктердің қатысуымен есірткіні өсіру, жарнамалау және насихаттаудың жекелеген фактілері анықталды.
Халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіруді қашықтан ұйымдастырған. Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 кг синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Ал Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы ұсталып, одан 1,2 кг «A-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы 30 грамм «мефедронмен» ұсталды, - делінген хабрламада.