Бүгін – Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні

Фото: bassport.kz

Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні, деп хабарлайды «24KZ».

Олимпиада чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт саңлағы – Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысының Свердловск ауданы Дихан ауылында дүниеге келген.

 Бала кезінен спортқа жақын болған ол кейін грек-рим күресіне бет бұрып, аталған спорт түрінен КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері атанды. 

1980 жылы 29 жасында Мәскеу Олимпиадасында топ жарды. Сондай-ақ, Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінен әлем чемпионы (1981), Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (1980), әлем кубогінің күміс жүлдегері (1982), екі дүркін КСРО чемпионы (1978, 1979) және КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1975) атанған.