Қазақстанда аймақтарға бөлінетін судың көлемі бекітілді
Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін тұрақты суаруға арналған су пайдалану лимиттері бекітілді, деп хабарлайды «24KZ».
Биылғы суару маусымында 11 млрд текше метр су алу жоспарланған. Қызылорда облысына – 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына – 3,8 млрд текше метр, ал Жамбыл облысына 900 млн текше метр су көлемі қарастырылған.
Лимиттердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында егіс құрылымын әртараптандыру және ылғал көп қажет ететін дақылдар көлемін азайту шаралары көзделген. Сонымен қатар суармалы суды пайдалану қағидалары бекітіліп, өсірілетін дақылдарды өз бетінше ылғал көп қажет ететін түрлерге ауыстырған және тиісті келісімшартсыз су пайдаланған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қатысты санкциялар енгізілген.
Түркістан облысында күріш егісінің көлемі 3,5 мың гектардан аспауы тиіс. Сондай-ақ «Достық» мемлекетаралық каналы бойында күріш егуге тыйым салынған. Күрішті тек «Қызылқұм» каналы бойында және су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы өсіруге рұқсат етіледі.Қызылорда облысында күріш егісінің көлемін 70 мың гектар деңгейінде сақтау жоспарланған. Ал Алматы облысында бұл көрсеткіш 5,8 мың гектардан, Жетісу облысында 1 мың гектардан аспауы тиіс.
«Лимиттер Қазгидрометтің гидрологиялық болжамдарына, жыл бойы түскен жауын-шашын көлеміне және трансшекаралық өзендердің күтілетін су деңгейіне сүйене отырып есептелді. Жалпы алғанда, 2026 жылғы вегетация кезеңі тұрақты басталды. Қазіргі уақытта министрлік мамандары, бассейндік су инспекциялары және «Қазсушар» филиалдары бекітілген су лимиттерінің сақталуын және егіс құрылымын бақылауда ұстап отыр», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.