Алматы облысында соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден төленді

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Жеңіс күні қарсаңында Алматы облысының ардагерлеріне 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем берілді, деп хабарлайды «24KZ».

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері небәрі 4 адам ғана қалған. Олардың ең үлкені – 103 жастағы Тәңірберген Толғанбаев. Іле ауданының тұрғыны 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград шайқасына араласқан.

Ұйғыр ауданының 102 жастағы тұрғыны Алим Кебиров Белорусь майданында болып, Белгород қаласын азат етуге үлес қосқан. Жараланғанына қарамастан, 1943 жылы қайтадан майданға оралып, Украина жеріндегі ұрыстарға қатысқан.

Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Солтанбай Жарықбасов бүгінде 101 жаста. Ал Жамбыл ауданындағы Федор Ковалев 98 жаста, ол 1945 жылы Жапонияға қарсы соғыс қимылдарына араласқан.

Сонымен қатар, өңірдегі 2 038 тыл еңбеккеріне 64 875 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған. Бұдан бөлек, Ленинград қоршауы кезінде еңбек еткен 2 азаматқа 86 500 теңгеден төлем беріледі.

Сондай-ақ, фашистік концлагерьлерде, геттоларда және өзге де мәжбүрлі ұстау орындарында болған азаматтарға да 64 875 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

«Ардагерлерге әлеуметтік қолдау тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Олар жыл сайын шипажайда ем алып, дәрігерлердің бақылауында болады», – делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.