Парламент жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды қабылдады
Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат ұсынған жаңа редакцияны қолдады, деп хабарлайды «24KZ».
Депутаттардың айтуынша, Сенат заңға бірқатар нақтылаушы түзетулер енгізген. Атап айтқанда, қараусыз жануарларды реттеу тәртібі мен мерзімдерін жергілікті өкілді органдардың құзыретіне беру көзделген. Сондай-ақ «қараусыз жануарлар» ұғымы нақтыланып, жануарларды жансыздандыру туралы шешімді тек ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылған.
Жалпы алғанда, заңның негізгі тұжырымдамасы өзгеріссіз қалады, ал енгізілген түзетулер тек нақтылау сипатында. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі де сақталады.
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдының айтуынша, Сенат енгізген өзгерістер заңның мазмұнын түбегейлі өзгертпейді, тек оны құқықтық тұрғыда нақтылайды. Оның сөзінше, ең маңызды бағыттардың бірі – жануарларды міндетті түрде есепке алу және чиптеу тетігін күшейту. Бұл иесін анықтауды жеңілдетіп, жауапкершілікті нақты бекітуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол жануар есепке алынбаған жағдайда иесін анықтау мүмкін болмайтынын, ал бұл өз кезегінде құқықтық жауапкершілікті қолдануға кедергі келтіретінін атап өтті. Осыған байланысты есепке алу жүйесін нақтылау мәселесі заңнаманы жетілдірудегі негізгі бағыттардың бірі ретінде көрсетілді.