Тарихи орындарға апаратын жолдар жаңарады

Ұлытау облысындағы Жезқазған мен Жошы хан кешенін жалғайтын жолдың құрылысы биыл аяқталады.

Небәрі 19 шақырым жолды салу ұзаққа созылған еді. Жұмысты соңына дейін жеткізу үшін облыс қазынасынан 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұдан бөлек өңірдегі өзге де тарихи орындардың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жақсартуға бірнеше жоба жасалды. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, алдағы бір-екі жылда туристер үшін Хан ордасы мен Қалмаққырылған өзеніне, Әмір Темірдің ізі қалған Алтыншоқы тауына жету анағұрлым жеңілдейді. Жалпы биыл өңірде түрлі деңгейдегі 350 шақырым жол жөнделеді. Жыл соңына дейін Ұлытауды Қызылордамен және Арқалықпен байланыстыратын республикалық күрежол жаңарады.  

Алмаз Ыдырысов, облыс әкімінің орынбасары:

- Келесі жылы Қалмаққырылған жеріне апаратын жолдың техникалық жағдайын жақсартатын боламыз. Байқоңыр ауылына дейін биыл тапсырамыз. Тағы да Ұлытау және Сарлық ауылына баратын жолды да биыл тапсыратын боламыз. Оның бәрі туристік жерлерге арналған жолдар. Сондықтан осы жоспарланып отырған жұмыстар нәтижесінде туристер көбейеді деп ойлаймын.