Қ. Тоқаев: Ерлік ешқашан ескірмейді

Әлем ала-құла. Құбылмалы заман шекара шебіне ерекше назар аударуды талап етіп отыр. 

Осыған орай Президент Қарулы күштер мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны стратегиялық маңызы зор міндет деп, тапрсыманы орындауға екі жыл уақыт берді. Оған қоса биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керегін айтты. Мұны Мемлекет басшысы Ақордада өткен мерекелік жиында мәлімдеді. Отырыста әскерилерге лайықты бағасын беріп, бірқатарына медаль тақты. 

Бұл − суыққа сыр бермейтін, аязға алдырмайтын айбынды қазақ армиясы. Жыл он екі ай шекара шебін кірпік қақпай, көз ілмей күзететін жасампаз жауынгерлер. Таудың аңғары, өзеннің сағасы, жолдың бұлтарысын мен сайдың қалтарысы осы сарбаздардың жіті назарында. Қылт еткенді қалт жібермейтін қырағылар мерекені Ақордада қарсы алды. Президент сақа саңлақтарды бас резиденцияға жинап, өзі құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. 

Ұлтымыздың тарихы батыр бабалар жайлы дастанға толы. Ал Қазақстанның бүгінгі армиясы сол даңқты жолды лайықты жалғастырып келеді. Президент осылай деп, әскерилердің мәртебесін асырды. Егемен еліміз Қарулы күштерге зор сенім артып отырғанына тоқталды. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған ТМД-дағы жалғыз мемлекет. Қасым-Жомарт Тоқаев осыған ерекше назар салып, бұл әлемнің сенімі екенін мәлімдеді. Сарбаздарымыздың әлемдік аренадағы абыройы асқақ. Бұған жаһандық додаларда ауыз толтырып айтарлық жетістіктері дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отан алдындағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі екені айқын. Мемлекет осындай айбынды жауынгерлерімізді қашанда қолдайды. Бұл – ең алдымен, ел мүддесі үшін, яғни ұлтымыздың келешегі үшін аса маңызды міндет. 

Қазір әлем ала-құла. Қақтығысы мен соқтығысы көп заманда әскердің әлеуетін арттыру маңызды екені айтпаса да түсінікті. Президенттің айтуынша, қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. 

Президент Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды тапсырды

Дегенмен сала әлі де серпілісті қажет етеді. Осыған байланысты Президент Қарулы күштер мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалау туралы тапсырма берді. Одан бөлек, әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру міндеті жүктелді. Қысқасы, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек», - деді. Содан соң батырлардың ерлігін насихаттауға қатысты үн қатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Туған елі мен халқының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс. Олардың қатарында қаза тапқаннан кейін ерліктері мен батырлықтары еленіп, орден-медальмен марапатталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар, арнаулы орган қызметкерлері де аз емес. Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық наградаға қатысты да пайдалануға болады. 

Президент Қазақстанның ұстанымын тағы қайталады. Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз. Әрқашанда «ас пен тас» стратегиясын жүргізуге дайын болуымыз қажет. Халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары қатаң сақталуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алайда бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. 

Әрі қарай Президент бірқатар азаматқа мемлекеттік марапат және әскери шен тапсырды. 

Руслан Өмірбекұлы, Өскемен қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- Мезірет лауазымды тұлғалардан бастап, қарапайым сарбаздарға дейін тиді. Соның бірі – Медет Мұхтарханұлы. Бұл – оның алғашқы мемлекеттік наградасы.

Медет Мұхтархан, 10810 әскери бөлімінің нұсқаушы сержанты:

- Қобалжу болды басында. Бірінші рет қой. Мұндай үлкен награда алып көрмеппіз. Басқа да сержанттарға, сарбаздарға осыны тілеймін. Негізі аянбай еңбек етсек, біздің еңбегіміз ұмытылмайды деп ойлаймын. 

Отырыста жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер де табысталды. Марғұлан Аманобаев генерал майор атағын алды. Талай жылдан бері төтенше жағдайлар саласында еңбек етеді. Сол уақытта жүздеген адамның өмірін тілсіз жаудан аман сақтауға атсалысты. Соңғы су тасқынында да батылдығымен көзге түскен. 

Марғұлан Аманбаев, Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Облыстарда су тасқыны болды. Министрлігіміздің күш құралдары қарқынды жұмыс атқарды. Мен өзім министрдің тапсырмасымен Құлсарыда 45 күн жұмыс атқардым. Ведомствалар бірлесе отырып, адам өмірін құтқаруда еңбек атқардық. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Бейбіт заманда егемен елді қорғау да бақыт. Ал бұл қан майданда от кешкен майдангер бабаларымыздың арқасы екені хақ. Сол үшін Отан қорғаушылар күнінде тарихи тұлғалар да ұмыт қалмады. Президент Ұлы отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлына Халық Қаһарманы атағын берді. Қорыта айтсақ, біз кешегі бахадүрді ұмытпаймыз, бүгінгі батырларды ұлықтаймыз.