Су астында шыныққан сүңгуірлер

Еліміздің әскери теңіз күштерінде арнайы дайындықтан өткен сүңгуірлер бар.  Алайда олар туралы екінің бірі біле бермейді.

Су астында шыныққан жігіттер дауыл мен күшті толқынға қарамастан кез келген уақытта жауынгерлік тапсырманы орындауға дайын.

Бұл Ақтаудағы әскери сүңгуірлерді даярлайтын оқу-жаттығу кешені. Қарулы күштер үшін стратегиялық маңызы зор орталықтың ТМД-да баламасы жоқ. Бұл жерде арнайы жасақ, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдай қызметкерлері, тіптен шетелден әскерилер келіп су астында әрекет етуді үйренеді. Мұндағы бассейннің тереңдігі 6 метр. Курсанттар су асты жүзу жабдығымен қараңғы,  әрі тар кеңістікте жүзіп, адамды құтқару және диверсия жасау тәсілдерін меңгереді.

Жәнібек  Ғазизов, Әскери оқу-жаттығу кешенінің бастығы:

- Су астында жұмыс істеу алдында біз алдын ала қауіпсіздік шараларын өткіземіз. Ол кезде 2 адамнан жұп-жұбымен жібереміз. Олар біріне-бірі кез келген бір авариялық жағдай болған кезде көмек көрсетуі үшін. Азаматтық сүңгуірлер дейміз, олар жұмыс орнында белгілі бір уақытта жұмыс жасайды су астында. Ал бізде ондай жоқ. Әскери салада тапсырманы толықтай орындап шығу керек.

Сүңгуірлер міндетті түрде медициналық тексеруден өтпейінше жаттығу кешеніне жіберілмейді. Су астында ауа баллонымен тыныстауға күш-қуат керек. Осы мақсатта теңізшілер арнайы сынақтан өтеді. Мәселен, тереңдікке сүңгу жоспарланса сүңгуір құрамында оттегі аз ауа қоспасымен демала білуі шарт. Дәрігер оқу-жаттығу кезінде әр жауынгердің қимыл-қозғалысын мұқият бақылайды.

Дияс Бекзатұлы, матрос:

- Мен көптеген нәрселерді үйрендім. Мысалы, сүңгуір жабдықтарын қалай киюді және оны қалай пайдалануды. Теңіз астында жүрудің оңай нәрсе емес екенін түсіндім. Алған тәжірибемді алдағы уақытта өзенге-теңізге түскен уақытта қолданғым келеді.

Орталықта әскери флот күзетін қамтамасыз ететін, сондай-ақ теңіз инфрақұрылымын басып алған террористерге шабуыл жасауға маманданған арнайы бөлімше қызметкерлері де жаттығады. Ғимарат іші кеменің ішкі құрылымына ұқсас жабдықталған. Қуатты қозғалтқыштар кешенді дауыл кезіндегідей қатты шайқайды. Мұндай жабдықтар теңізшілердің су астындағы  ұрысқа шыңдалған маман ретінде қалыптасуына  септігін тигізеді. Айта кетсек, соңғы жылдары Өзбекстан мен Беларусь елінің жауынгерлері Ақтауда әскери сүңгуірлік даярлықтан өтіп жүр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев