Жастар рухын көтеретін алаң

Түркістан облысында Отан қорғаушы күніне орай «Айбын-2026» республикалық әскери-патриоттық жиынының өңірлік іріктеу кезеңі өтті. 

Оған аудан-қалалардан 14 команда қатысып, үш күн бойы әскери-қолданбалы спорт түрлері мен өзге де байқауларда бақ сынады. Үздік шыққан команда республикалық жиынға қатысуға жолдама  алды. Сонымен қай команданың бағы жанды? 

Қарнақ ауылындағы жазғы сауықтыру лагері базасында ұйымдастырылған облыстық сайыстың финалдық кезеңіне 14 ауданнан 200-ден аса жас қатысты. Дені «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері. Сайысқа қатысушылардың бірі – Кентаудан келген Қайсар Отаубай. 11 сынып оқушысы болашақ мамандығын таңдап қойған. Айтуынша, бұл жиын – әскери оқу орнына түсу алдындағы маңызды қадам.

Қайсар Отаубай, «Айбын-2026» жиынына қатысушы:

- Бұл – менің екінші жыл қатысуым. Халықаралық деңгейге шығу деген мақсат бар. Сол мақсатқа жету қажет. Бұл – жарыс тек бір адамның ғана үлесі емес, командалық жұмыс. Команда бірге әрекет етсе, үлкен жетістікке жетеді. Мен өзімнің болашағымды әскери қызметпен байланыстырамын. Яғни әскери адам болу – тек қызмет емес, ел алдындағы мақтаныш.

Сайысқа қатысушылар пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын жартылай бұзып, қайта құрастыру, белтемірде тартылу, арқаға жатып денені көтеру, жүзу, арқан тарту сияқты әскери-қолданбалы спорт түрінен сынға түсті. Оған қоса, биыл алғаш рет IT саласы енгізілген. «Ақылды сарбаз» байқауында жастар әскерилерге арналған заманауи роботтар жасап,  жобаларын қорғады.

Молдабай Сүйіндіков, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы:

- «Айбын» жарысына мектепте 14 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар қатыса алады. Біздің оқушыларымыз жылдан-жылға қызығушылығы артып келе жатыр. Жарыстың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Оқушылардың жылдағы нәтижелері жақсарып келе жатыр.

Сайыстың мақсаты – жастардың әскери дайындығымен қатар интеллектуалдық және шығармашылық қабілетін дамыту. Бұл оқушыларға болашақ әскери қызметке қажетті дағдыларды меңгеруге көмектеседі және ғылым мен техникаға деген қызығушылығын оятады. «Сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттер мен елге деген құрмет сезімін арттырады», - дейді ұйымдастырушылар.

Ғалымжан Орынов, Білім басқармасының басшысы:

- Бұл – сайыс жеңу алаңы емес, рухты тәрбиелеу алаңы десек болады. Біз жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беріп қана қоймай, олардың патриоттық, отансүйгіштік сезімін арттырып отырмыз. Түркістан облысы бұған аса мән беріп отыр. Себебі келешек ұрпақ рухы биік, төзімді, жан-жақты болып өсу керек.

«Айбын-2026» жиыны – жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеп, олардың физикалық және зияткерлік әлеуетін арттыратын маңызды алаң екенін тағы бір рет көрсетті. Жиын қорытындысымен үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталды. Ал Кентау командасы топ жарып, республикалық финалға жолдама алды. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш