Әскер сапындағы опера әншісі

Қатардағы жауынгер Алдияр Нұртазин – кәсіби опера әншісі. Ол Павлодардағы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр.

Петропавл қаласынан шақырылған жауынгердің негізгі міндеті – түзеу мекемелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Алайда  әскери ұжымда опералық дауысымен ерекшеленіп, әріптестерінің құрметіне бөленген.

Бала кезінен классикалық музыкаға әуес Алдияр 2016 жылы музыкалық мектептің академиялық вокал бөліміне қабылданып, өнер жолындағы алғашқы қадамын жасапты. Республикалық байқауларға қатысып  жүлделі орындарға ие болған. Қазір ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр. Бұл шығармашылықпен айналысуына кедергі келтірмейді.

Алдияр Нұртазин, 6679 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:   

- Маған бас кезінде әскери өмірде музыкаға уақыт болмайтындай көрінгені рас. Ұлы Абайдың туған күніне арналған мерекелік іс-шарада мен Абай операсын орындап, әріптестерімнің  қолдауына ие болдым. Өнер арқылы әскери бөлімнің абыройын асқақтатуға болатынын сол сәтте түсіндім.

Алдиярды әріптестері «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» - деп бағалайды. Өйткені ол спортта да бірқатар белестерді бағындырған екен. Алты жасынан бастап каратэмен айналысып, Солтүстік Қазақстан облысының құрамасына еніпті.

Махамбет Мұхамедәли, 6679 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары :

- Қатардағы Нұртазинмен оқу пунктінен бастап таныспыз.Менің оқу взводымда болған болатын.Мен өзім оны жеке күтіп алдым. Оның өнерде жақсы жағынан көрсеткендігін өзім байқадым және әскери бөлімде іс-шаралар болса оны барынша тартуға тырысамын, дауысы керемет. Өзін әрқашан жоғары жақта көрсетеді.

Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген қатардағы жауынгер Алдияр Нұртазиннің болашаққа жоспары айқын. Ол әскерден кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, опера өнері бойынша білімін жалғастырмақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков