Алматы облысында елдің қауіпсіздігі мен дамуына үлес қосқан 28 азамат марапатталды

Алматы облысында Отан қорғаушы күніне орай ел қауіпсіздігі мен қоғам дамуына үлес қосқан 28 азамат марапатталды.

Олардың қатарында әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері және мемлекеттік қызметкерлер бар. Сондай-ақ мерекеге орай Қонаев гарнизонының әскери бөлімінде арнайы көрсетілім ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға өңірлік гарнизонның әскери қызметшілері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер мен жас сарбаздар қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.

Ғани Майлыбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қарулы Күштердің әлеуетін арттыруға және әскери қызметтің беделін көтеруге ерекше мән беріп келеді. Бүгінде армия заманауи талаптарға сай жаңартылып, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 

Салтанатты шарада ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мінсіз қызмет етіп жүрген бірқатар азамат марапатталды. 28 адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен арнайы алғыс хаттары табысталды.

Ернар Құсбаев, 32363 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- 7 мамыр Отан қорғаушылар күні біз үшін өте маңызды. Бұл Құрмет грамотасы өзіміздің шеберлігіміз бен кәсібилігімізді арттыру мақсатында, одан ары қарай жалғастыру мақсатында берілді деп ойлаймын. 

Қанат Тәңірбергенов, 58012 әскери бөлімінің командирі:

- Қарулы күштеріміздің әрбір сарбазы, сержанты, офицері - ол патриот. Елім үшін, жерім үшін деп кез келген уақытта дайын. Әрине біздің кәсіби мейрам болғаннан кейін өте қуанышты болып тұрмыз. 

Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Қонаев қаласындағы 58012 әскери бөлімінің жұмысымен танысты. Инженерлік-саперлік бригада заманауи техникаларын ұсынып, әскери дайындық деңгейін паш етті.

Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай