«Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Алматы облысында этножурналистика бағытындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – өңірлік журналистиканы дамыту, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби әлеуетін арттыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікті насихаттауға бағытталған үздік шығармашылық жұмыстарды қолдау, деп хабарлайды 24KZ.
«Шаңырақ» облыстық шығармашылық байқауы Алматы облысында жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл қатысушылардан 24 өтінім түсті. Байқаудың қазылар алқасы AlatauNews ақпараттық ашық алаңының видеограф-монтаждаушысы Дамир Нұрқасымның жұмысын бірінші орынға лайық деп тапты.
Дамир Нұрқасым, AlatauNews ақпараттық ашық алаңының видеограф-монтаждаушысы;:
– «Хан Тәңірінің қазынасы» этнофестивалін видеоға түсіріп, сол жердегі ерекше атмосфераны көрерменге жеткізуге тырыстым. Дайын болған видеоны байқауға ұсынып едім, енді сол еңбегіміз жүлдеге ие болып отыр. Бұған өте қуаныштымыз! Жалпы бұл іс-шара жай ғана фестиваль емес. Онда ұлттық құндылықтарымыз, мәдени мұрамыз бен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталды. Татулық пен бірлікті ту еткен бұл байқаудың жас журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылық ізденісін арттырудағы орны ерекше. Сондай-ақ өңірлік медианың сапалық деңгейін көтеруге де оң ықпал етеді.
Елбосын Абай, облыстық «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысы;:
– Соның ішінде 6 адам екі номинация бойынша жеңіске жетіп отыр. Жалпы іс-шараның мақсаты – бірлікті, қоғамдық келісімді және этносаралық татулықты, бәрін жыл көлемінде шығарып ақпаратты тың идеялармен, осындай серпін береді деп ойлаймын алдағы жұмыстарына.
«Қоғамдық келісім мен этносаралық татулық тақырыбын ақпараттық кеңістікте кеңінен насихаттап жүрген жас журналистердің еңбегін бағалап, кәсіби журналистиканың дамуына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды бастама алдағы уақытта да жалғасады», – деді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов