Шымкентте жас ұландар шеберлігін көрсетті
Шымкентте Отан қорғаушы күні мен Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 34 жыл толуына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері, әскери колледж ұландары мен қала тұрғындары қатысты. Жас ұландар саптық қарумен өнер көрсетіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін паш етті.
Иық тіресе, бір сапта. Саптық шеруге жас курсанттардан бастап тәжірибелі офицерлерге дейін шықты. Шымкентте Отан қорғаушылар күні әскери қызметшілердің ауқымды шеруімен ерекшеленді. Алаңда нық қадам басқан әрбір сарбаз үшін бұл жай парад емес. Бұл жылдар бойғы қызметтің, темірдей тәртіптің және ел алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Мақсат Ақшалов, С. Рахымов атындағы әскери колледждің бастығы:
- Бұл жерде әскери қызметішінің байсалдығын, қайсарлығын көрсетудеміз. 7 мамыр мен үшін өте керемет мереке. Өйткені 1999 жылдан бері әскери саптамын. Өте құрметтеймін осы мерекені және сыйлаймын.
Айбек Әуесбек, әскери колледждің 2-курс ұланы:
- Әскери қызметші бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Себебі әскери қызмет - ол тек жұмыс емес, Отан алдындағы борышың деп санаймын.
Сарбаздар қызмет барысында не үйренгенін көпшілікке көрсетті. Бұл тек мінсіз саптық жүріс емес. Олар қаруды шебер меңгеру, жауынгерлік дайындық элементтері және бірлесе әрекет ету қабілетін танытты.
Гүлмира Оспанова, "Желтоқсан ақиқаты" РҚБ қалалық филиалының төрайымы:
- Қазақ халқының даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының бойындағы жауынгерлік рух біздің жастарымыздың бойына жұғысты болсын дейміз. Сабыр Рахым атамыздың айтқаны бар: Отанды сүю – міндет, Отанды қорғау парыз деп.
Жиналған жұртшылық әскери қызметшілермен естелік суретке түсіп, оларды мерекемен құттықтады және ел алдындағы қызметі үшін алғыс айтты. Ал сарбаздардың жақындарымен қауышқан сәті бұл күнге ерекше жылулық сыйлады.
Данияр Сұлтанұлы, Нұрмахан Мұсатов