Сеулде инвестициялық серіктестік талқыланды
Корей косметикасы біздің елде шығады. Бұл жақтың кәсіпкерлеріне көлдегі шаяннан бастап жасыл энергетикаға дейінгі мүмкіндіктер қызық.
Автомобиль, ауыл шаруашалығы және өзге де салаларға инвестиция құйып жүрген ел логистикаға да құлшыныс танытып отыр.
Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен жаңадан құрылған Алатау қаласы әкімдіктерінің өкілдері корей компаниялары басшыларымен кездесті. Жалпы Корея еліміздегі ең ірі он инвестордың қатарына кіреді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты.
Владислав Цой, тілші:
- Қазақстан делегациясының Кореяға сапары аса күрделі кезеңге тұс келді. Сеулде Ормуз бұғазының қоршауға алынуына байланысты туындаған шикізат жеткізу мәселесін шешу жолдары қарастырылып жатыр. Корей компаниялары тауарларын теңіз жолымен ғана емес, Қазақстан аумағы арқылы өтетін құрлық жолымен тасымалдауды да қарастырып, Транскаспий бағытына қызығушылық танытып отыр. Өз кезегінде еліміздің өкілдері Оңтүстік Корея бизнесмендерін осы көлік дәлізінің инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салуға шақырды.
Сеулде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа салаларын талқылады. Оңтүстік Корея компаниялары Қостанай мен Алматыда шығарылатын автомобильдерге қажетті бөлшектерді өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ олар Қазақстанда сирек кездесетін металдарды терең өңдеу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Кәсіпкерлер арасында артемия шаяндарының жұмыртқасы сияқты ерекше шикізатқа да қызығушылық жоғары. Өндірушілер одан елімізде косметика шығаруға ниетті.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Корея компанияларымен кездескен кезде олардың Қазақстанға қызығушылығы мына агро өнімін шығару, соның ішінде бидайды фортификациялау, оған әртүрлі минералдарды және витаминдерді қосу арқылы халықтың денсаулығына пайдалы тауарды шығару және оны Кореяға тасымалдау мәселесі. Сонымен қатар ет мәселесінде келістік. Қазақстанда ет өндірісін жолға қою, Кореяның инвестициялық компаниялары соған қаражат салуға дайын және сол етті оффтейк-контракт ретінде Кореяға тасымалдау мәселесі де қызығушылық танытып жатыр.
Ким Чхон Хван, YPP компаниясының бас директоры:
- Қазақстан – корей компаниялары үшін өте маңызды әрі үлкен нарық. Бізді, әсіресе «жасыл» энергия қызықтырады. Біз жаңартылатын энергия көздерінен электр станцияларын салу жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Онда алынатын электр қуатының көмегімен «жасыл сутегін» өндіріп, оны Корея, Жапония және Азияның басқа елдерінің нарығына экспорттамақпыз. Жобаның жалпы құны шамамен 2 миллиард 600 миллион доллар болады.
Сеулде Ақтөбе облысының да мүмкіндіктері таныстырылды. Өңірдің сәтті серіктестік тәжірибесі бар: Байғанин ауданында көп жылдан бері Корея ұлттық мұнай корпорациясы жұмыс істеп келеді. Биыл ол 200 мың тоннадан астам шикізат өндіруді жоспарлап отыр. Алайда Ақтөбе оңтүстіккореялық бизнесмендерге тек көмірсутектерді ғана емес, басқа да жобаларды ұсынуға дайын.
Досжан Әлібеков, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Алдыңғы жылы құрылған арнайы экономикалық аймаққа Корея тарапынан кәсіпкерлерді логистика және өнеркәсіп салаларында инвестициялық жобаны жасауға шақырдық. Жалпы қазіргі таңда Ақтөбе облысы мен Корея Республикасының сыртқы сауда айналымы 65 миллион долларға жеткен.
Сеулдегі форумға қатысқан компаниялар нарықты зерттеу үшін тамыз айында Қазақстанға баруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Кореяның импорттаушылар және халықаралық сауда қауымдастықтары қазақстандық бизнесмендерді Кореяға шақыруға ниетті.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян