Алматы мен Бейжің арасында пойыз қатынайды

Қытай астанасынан қазақ жеріне енген жүк одан әрі Орталық Азия елдеріне өтеді. Мұндай тәжірибе алғаш қолға алынып отыр. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Енді Бейжіңнен жүкті тікелей жөнелтуге болады. Жүк пойызы аптасына 1 рет жүреді. Жоба сауда-саттық пен аймақаралық логистиканы дамытуға бағытталған. 

Жаңа пойыз арнайы белгіленген кесте бойынша жүреді. Алғашқы Х9305 нөмірлі пойыз Лянсянь станциясынан жөнелтілді. Ол Қытайдың солтүстік батыс бөлігімен жүріп отырып Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы арқылы Алашаңқай портына барып, шекарадан өтеді. Одан әрі қарай Алматыға бет алады. Тиелген жүктер шамамен 10 күнде жетеді. «Бұл – сауда және экономикалық алмасулар үшін тұрақты және тиімді логистикалық қадам. Әрі трансшекаралық жүкті жеткізуге кепілдік бола алады. Ең бастысы, жол шығындары азаяды», - дейді мамандар. Қытайлар бұл жобаға ерекше мән беріп отыр. Пойыздың үздіксіз қатынауы үшін Бейжің теміржол логистикалық орталығы «жасыл дәліз» режимін ұсынып отыр.

Лю Бин, Бейжің теміржол логистикалық орталығының менеджері:

- Бұл пойыз кесте бойынша белгіленген уақытта, бағытта және арнайы нөмірмен жүреді. Ол тасымалдау тиімділігі мен тұрақтылығын едәуір арттырады. Бұл компанияларға өндіріс кестесін жоспарлап тапсырыстарды өзара орындау жұмыстарын жеңілдетеді. 

Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келеді. Былтыр теміржол арқылы екі ел арасында 35,6 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – рекорд. Одан бөлек, Алматы мен Ақтау қалаларында транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік жүк тасымалдарын көбейту үшін контейнерлік хабтар пайдалануға берілді. Осының арқасында көлемі 36 пайызға артып 77 мың контейнер жеткізілді. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Айта кету керек, Достық-Алашаңқай шекаралық теміржол өткелінің екінші бөлігі Достық-Мойынты бағыты іске қосылғалы өткізу мүмкіндігі 5 есеге дейін өсті. Қазір үшінші Аягөз-Шәуешек бағытында теміржол салынып жатыр. Бұл жоба аяқталса тасымалданатын жүктің көлемін жылына 20-25 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туады

Авторы: Руслан Бақытбекұлы