Павлодар облысында алаяқтарға қарсы күрес күшейді

Павлодар облысында жыл басынан бері интернет алаяқтығына қатысты қылмыс саны 40 пайызға дейін төмендеді. Былтыр өңірде екі мыңнан астам дерек тіркелген.

Ал алаяқтардың құрбаны болған ондаған адам күн сайын полицияға жүгінеді. 

Күн сайын киберполиция көмегіне жүгінетін ондаған адамның шағымы ұқсас. Жалған онлайн сауда, жалға берілетін пәтерлерге қатысты алаяқтық, банк карталары арқылы ақша ұрлау және әлеуметтік желілердегі жалған хабарламалар. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда азаматтар алаяқтардың айласына сеніп, жеке мәліметтерін өздері беріп қояды.

Алмагүл, қала тұрғыны:

- Белгісіз біреулер қоңырау шалып, маған: «Сіздің шотыңыздағы ақшаны шешейін деп жатыр», - деді. Мені асықтырып, мен өзі есім шығып, шошып, сол ақшаны оданда өзім шешейін деп, банкке келдім.

Киберполиция арыз түскен бойда бірден жұмысқа кіріседі. Интернет арқылы жасалған қылмыстарды тергеуде ескеретін жәйттер көп. Телефон нөмірі, IP-мекенжай сияқты деректердің бәрі тексеріледі. Сол арқылы мамандар қылмыстың қалай жасалғанын анықтап, ізін суытпай табуға тырысады. «Интернеттегі деректер өшіп кетпей тұрғанда полицияға тезірек хабарласу маңызды», - дейді мамандар. 

Сүйіндік Қайырбаев, Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі:

- Көбінесе дроперлер өздерінің банктік жеке шоттарын алаяқтарға берген дроперлер осы оқу орындарынан, студенттерден шығады. Өздерінің жеке аккаунтын, банктік шотын үшінші тұлғаға берген жағдайда, ол үшін өздеріне ақшалай қаражат тапқан кезде дроперство ретінде қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін.

Былтыр Павлодар облысында екі мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға төмендепті. Соған қарамастан мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Себебі алаяқтық тәсілдері күн санап түрленіп келеді. Соңғы уақытта танымал компаниялардың атын жамылып, әлеуметтік желілердегі таргет жарнамалар арқылы инвестиция ұсынатындар көбейген. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев